Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметіне сәйкес, жалпы қылмыстың 5,3 пайызға (140 272-ден 132 778-ге) төмендеуінің оң динамикасы байқалады.
Бұл ретте, Маңғыстау облысында 12,2 пайызға (3097-ден 3474-ке), Атырау облысында 8,5 пайызға (4283-тен 4647-ге), Павлодар облысында 5,6 пайызға (5039-дан 5322-ге), Қызылорда облысында 4,6 пайызға (2871 — 3003), Ұлытау облысында 2,8 пайызға (1278-ден 1314-ке), Алматы облысында 1,6 пайызға (10223-тен 10385-ке) және Ақмола облысында 0,7 пайызға (5084-тен 5120-ға) дейін өсу байқалған.
«Ең көп қылмыс Алматы — 24 965 (18,8 пайыз) және Астана қалаларында — 17 339 (13,1 пайыз), Алматы — 10 385 (7,8 пайыз) және Қарағанды — 7 562 (5,7 пайыз) облыстарында жасалған», — делінген хабарламада.
Ауыр емес қылмыстар -7,6 пайызға (21 826-дан 20 178-ге), ауырлығы орташа қылмыстар — 16,8 пайызға (58 874-тен 48 992-ге) және ауыр — 2,2 пайызға (37 548-ден 36736-ға) төмендегені байқалады.
Сонымен қатар, ұрлық — 28,3 пайызға (42 639-дан 30 593-ке), оның ішінде ұялы телефон ұрлығы — 30,9 пайызға (10 530-дан 7 273-ке), пәтер ұрлығы — 33,5 пайызға (3 566-дан 237-ге), көлік ұрлығы — 42,2 пайызға (258-ден 149) айтарлықтай төмендеген. Сондай-ақ, мал ұрлығы да 30,9 пайыз (1520-дан 1 051-ге) азайған.