Қоғамдық келісімді нығайтып, этносаралық татулық пен бірлік құндылықтарын насихаттауға бағытталған ауқымды шаралар легі өңірдің әр түкпірін қамтып отыр.
Мерейтойлық жылдың шарықтау шегі – 2025 жылғы 30 мамырда Қонаев қаласында облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің төрағалығымен өткен ҚХА-ның XXX облыстық сессиясы болды. Бұл алқалы жиын – өңір халқының ұлт пен ұлысқа бөлінбей, ортақ мақсатта ұйыса білгенінің айқын көрінісі.
Жыл басынан бері облыста 100-ден астам тақырыптық іс-шара ұйымдастырылып, 16 мыңнан астам адам қамтылды. Этностар арасындағы достықты дәріптеген бұл жиындарға 34 этномәдени бірлестік, Аналар кеңесі мен Ақсақалдар кеңесінің мүшелері, «Ассамблея жастары», кәсіби медиаторлар мен азаматтық қоғам өкілдері белсене атсалысты.
Биылғы жылы тек мәдени жобалармен ғана шектелмей, этносаралық келісімнің инфрақұрылымдық негізін де бекемдеу көзделіп отыр. Қонаев қаласында жалпы аумағы 1 200 шаршы метрді құрайтын Достық үйі мен көлемі 30 040 шаршы метрлік Конгресс-холлдың іргесі қаланады. Бұл – ел болашағына салынған берік негіз, бірлік пен өзара түсіністіктің ордасы болмақ. Құрылыс жұмыстары қазан айында басталмақ. Сонымен қатар, Ұйғыр ауданында да осындай нысанның жобасы әзірленуде.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының Астанада өткен ХХХІV сессиясында берген тапсырмасына сәйкес, этностар тығыз шоғырланған Еңбекшіқазақ пен Ұйғыр аудандарында ҚХА бөлімшелерін құру жұмысы қолға алынды. Бұл – жергілікті деңгейде диалогты күшейтудің тың жолы.
Қоғамның діңгегі – үлкендер сөзі мен ананың ақылы. Осы орайда, өңірдегі 146 Аналар кеңесі мен 141 Ақсақалдар кеңесі жыл басынан бері 20 мыңға жуық адамды қамтыған 190-нан аса шара өткізіп үлгерді. Ал медиация кеңесі – түрлі жанжалдардың алдын алуда көпір рөлін атқарып келеді. Жастар да қалыс қалмай, «Ассамблея жастары» 49 жобаны іске асырып, 6 мыңнан астам жасқа ой тастады.
Жыл соңына дейін тағы 8 ірі этномәдени жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Бұл – татулықты ту еткен елдің өз болашағына сенімі барын білдіреді.
«Алматы облысында келісім мен толеранттылық – өмір салтына айналған. Бұл – бізді біріктіретін, қуат беретін құндылықтар. Қазақстан халқы Ассамблеясы – бірлігіміздің, өзара құрмет пен сенімнің символы. Мерейтойлық жылы біз мәдени мұрамызды дәріптеумен қатар, этностар үшін ашық диалог алаңын қалыптастыратын инфрақұрылымға да ден қойып отырмыз. Қонаев қаласындағы Достық үйі мен Конгресс-холл – бұл әр дауысқа құлақ асатын, әр дәстүрге құрметпен қарайтын ортақ болашағымызға бағытталған маңызды қадам», – деді облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев.