Жарысқа Алматы облысының бірнеше өңірінен, сондай-ақ Алматы және Қонаев қалаларынан балықшылар қатысты. Барлығы 15 команда (әрқайсысы 3 адамнан) жеке және командалық есеп бойынша өзара сынға түсті. Біріншілік 5 сағатқа созылды.
Нәтижесінде ең үлкен балықты аулап, «Big Fish» арнайы жүлдесін Е. Кембаев жеңіп алды. Жеке есепте 1-орынды К. Курбанов, 2-орынды Д. Канавалов, 3-орынды Н. Шуляков иеленді. Ал командалық есепте «Қонаев-3» командасы 3-орынды, «Наутилус» командасы 2-орынды, ал «Feeder.kz» командасы 1-орынды қанжығасына байлады.
«Біздің федерация құрылғанына 1 жылдан енді асты. Осы уақыт ішінде мүшелік ететін адамдар саны айтарлықтай артты. Біз жылына 6-7 рет балық аулау жарысын ұйымдастырып отырамыз. Бұл жолы бізге қолдау көрсеткен Қонаев қаласы әкімдігіне алғыс білдіреміз», – деді федерация басшысының орынбасары Дамир Сергибаев.
Жарыс барысында барлық қауіпсіздік талаптары сақталды. Бұл күні мұздың қалыңдығы 70 см болды.
Айта кетейік, балықшылар демалыстан кейін су қоймасының үстіндегі қоқыстарды жинап кетуге міндетті. Табиғатқа жанашырлық – әр демалушының жауапкершілігінен басталады. Қоршаған ортаны ластағаны үшін әкімшілік жаза қарастырылғанын еске саламыз.