Алматы облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Данияр Әлиев қатысушыларды кәсіби мерекемен құттықтап, мәдениеттің қоғам өміріндегі рөліне тоқталды. Оның айтуынша, мәдениет – ұлттың рухани тірегі, ал әрбір шығармашылық туынды – тарих пен тілді, халықтың салт-дәстүрі мен мұрасын айғақтайтын асыл қазына. Ол осы салада аянбай еңбек етіп жүрген барлық мамандарға алғыс айтып, олардың өңір мәдениетін дамытуға қосқан үлесін ерекше атап өтті.
Бүгінде Алматы облысында 293 мәдениет мекемесі жұмыс істейді. Онда екі мыңнан астам маман еңбек етеді. 2025 жылдың басынан бері өңірде 2 154 мәдени іс-шара ұйымдастырылған. Жастардың мәдени шараларға қатысу көрсеткіші 77 пайызды құраған.
Салтанатты жиында үздік мәдениет қызметкерлеріне мемлекеттік және салалық марапаттар табысталды. Олардың қатарында алғыс хаттар мен құрмет грамоталары, «Мәдениет саласының үздігі», «Мәдениет саласының кәсіподақ үздігі» төсбелгілері, сондай-ақ «Еңбек ардагері» мен «Еңбек даңқы» медальдары бар.
Мерекеге орай өткізілген республикалық деңгейдегі іс-шаралар аясында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында Алматы облысының бірқатар мәдениет қызметкерлері жоғары мемлекеттік наградаларға ие болды. Атап айтқанда, Жамбыл Жабаев атындағы әдеби-мемориалдық музейдің директоры Салтанат Жамбылова — «Парасат» орденімен, ал «Алтынай» мемлекеттік халық би ансамблінің негізін қалаушы, мәдениет ардагері Ғазиза Әбдіева — «Құрмет» орденімен марапатталды.
Профессионалдар арасындағы байқау нәтижесінде облыстың үздік мәдениет мекемелері анықталды:
-
Талғар аудандық кітапханасы — «Үздік кітапхана»;
-
«Атамекен» тарихи-мәдени орталығы (Қарасай ауданы) — «Үздік музей»;
-
«Қарадала» театры — «Үздік театр ұжымы»;
-
Еңбекшіқазақ аудандық мәдениет үйі — «Үздік мәдениет үйі».
Жеңімпаз мекемелердің әрқайсысына 500 мың теңге көлеміндегі ақшалай сертификат табысталды.
Сонымен қатар, бірқатар сала мамандары жеке номинациялар бойынша марапатталды. Мәселен, «Үздік мәдениет үйі қызметкері» аталымында Қонаев қалалық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Айнұр Бекбосынова жеңімпаз атанды. Ол сұхбатында өзінің ата-анасының жолын қуып, мәдениет саласына бүкіл ғұмырын арнағанын айтып, әріптестеріне алғыс білдіріп, барша мәдениет қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады.
Шараның шарықтау шегі – «Үшқоңыр» фольклорлық-этнографиялық ансамбліне JAC S3 Pro маркалы жаңа автокөліктің кілтін табыстау болды. Бұл — облыстағы ең үздік мәдениет мекемесі ретінде ансамбльге берілген жоғары марапат. Қарасай ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Гүлжан Дүйсенова бұл марапат ансамбль ұжымының он жылдық табанды еңбегінің жемісі екенін атап өтті. Ұжым 2015 жылдан бері тек Қазақстанда ғана емес, шетелдерде де өңір атынан өнер көрсетіп келеді. Жуырда ғана ансамбль Қытайда өткен, ұлы композитор Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған концертке қатысып қайтқан.
Мереке соңында танымал эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен әсерлі концерттік бағдарлама көрермендерге ерекше көңіл күй сыйлап, салтанатты шараның лайықты қорытындысына айналды.
Мәдениет және өнер қызметкерлері күні – ұлттық құндылықтарды көздің қарашығындай сақтап, келер ұрпаққа аманаттайтын жандарға деген зор құрметтің белгісі. Рухани байлықты ұлықтап, елдің мәдени мұрасын жаңғырту жолында еңбек етіп жүрген азаматтар қоғамның нағыз рухани тірегі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.