Әлеуметтік желілерде бұл қызметке 148 млн 528 мың теңге жұмсалғаны және безендіру нысандарының кейбірі техникалық құжаттамаға сәйкес емес екені жайлы ақпарат тарады.
Қонаев қаласының әкімдігі бұл жағдайға қатысты түсініктеме беріп, мердігер компанияның тәуелсіз аудитке жүгінгенін хабарлады. Аудит нәтижесінде кемшіліктер анықталған жағдайда, әкімдік мердігерге қатысты тиісті шаралар қабылдайтынын мәлімдеді.
Қалалық ТҮКШ және ТҮИ бөлімінің мемлекеттік тапсырысы бойынша «Жасыл қала Қонаев» ШЖҚ МКК мердігер ретінде таңдалған. Компания орталық алаңға шырша орнатып, Дінмұхамед Қонаев ескерткіші жанында «2025» жазуын, түрлі мерекелік ойыншықтарды орналастырған. Сондай-ақ, №5 жағажай, парк, көпірлер, қалаға кіреберістегі стела және аллеялар жарықтандырылған.
Бұл жұмыстар тек жаңа жылдық мерекені емес, жыл соңына дейін қаланың әсемдік келбетін сақтауға бағытталған.
№5 жағажай туристік тартымдылықты арттыру мақсатында арнайы безендірілген. Шағын сәулеттік нысандар мердігер мекеменің балансында қалып, алдағы жылдары да қолданылатын болады.
Жыл соңында қаланы безендіруге арналған мемлекеттік тапсырыс тек қосымша әрлеу жұмыстарын қамтығанын атап өткен әкімдік, нәтижелер тәуелсіз аудит қорытындысына қарай бағаланатынын айтты. Бұл мәселе бойынша нақты шаралар қабылдау көзделуде.
Тұрғындар тарапынан сұрақтар туындағанымен, әкімдік бұл жағдайға жауапкершілікпен қарап, мәселенің әділ шешімін табуға уәде берді. Аудит нәтижелері қоғамға ашық түрде жарияланбақ.