Жуырда өткен қала әкімінің халықпен кездесуінде осы мәселе тағы да көтерілді. 4-шағынаудан тұрғыны кезекті рет кәріз жүйесінен таралатын жағымсыз иістің тұрғындарға қолайсыздық тудырып отырғанын айтып, шағымын білдірді. Оның айтуынша, бұл проблема бұған дейін де көтерілгенімен, әзірге нақты шешімін таппаған.
Қала әкімі Асхат Бердіханов бұл сұраққа жауап бере отырып, мәселенің мән-жайын түсіндірді.
«Қала маңындағы кәріз-тазарту жүйесі 100 пайыз тозған. Қазіргі таңда нысанды жаңарту мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде жүзеге аспақ. Қажетті құжаттар рәсімделу үстінде. Жоба бойынша кәріз-тазарту нысанын 18 шақырымға Қазақстан елді мекеніне қарай көшіру жоспарланып отыр. Бұл жобаның жалпы құны 38 миллиард теңгені құрайды», — деді қала басшысы.
Әкімнің айтуынша, жобаны жүзеге асыру мерзімі — екі жыл. Қазіргі таңда Алматы облысының әкімдігі мен Қонаев қаласының әкімдігі бірлесіп, мәселені шешу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Алдағы уақытта мәслихат отырыстары өткізіліп, жауапты салалық мекемелерден қажетті келісімдер алынбақ.
«Қазіргі жағдай осы. Тұрғындардан түсіністікпен қарауды сұраймын. Бұл мәселе біртіндеп шешімін табады», — деді Асхат Бердіханов.
Кездесу барысында тұрғындар өзге де мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, газ тарту, қоқыс контейнерлерін орнату, автотұрақтардың жай-күйі, аулаларды көгалдандыру мәселелері талқыланды.
Аулаларды көгалдандыру бойынша қала әкімі пәтер иелері кооперативтерін тұрғындармен тығыз жұмыс істеуге шақырып, аулаларды таза ұстау және гүл егу жұмыстарына белсенді атсалысу қажеттігін атап өтті.