Іле ауданының Байсерке ауылдық округіне қарасты Қоянқұс ауылының 50-ден аса үйі газсыз қалды. Жағдайға байланысты Алматы облысының әкімдігі түсініктеме берді, деп хабарлайды Alataunews.kz тілшісі Azattyq.ruhy сайтына сілтеме жасап.
«Бұл үйлерге берілетін желі жеке инвестордың құбыры. Мердігер өз күшімен мәселені шеше алмаған соң аудандық һәм облыстық газ жұмысшыларын жұмылдырдық. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес аудан әкімі Бағдат Қарасаев бұл мәселені жеке қадағалауына алып, жұмыстың басында тұрды. Сонымен қатар, тұрғындармен түсіндірме жұмысын жүргізді. Облыс әкімдігіне түскен қоңыраудан кейін мәселе бір сағаттың ішінде шешімін тапты», – деді Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел.
Айта кетейік, Іле ауданына қарасты Қоянқұс ауылында бір күн газ болмай қалған. Қыстың суығында тоңып, тіптен ас дайындап ішуден қалған тұрғындарға әкімдіктен дер кезінде ешкім жауап та бермей қойған. Облыс тұрғындары газдан ақау шықса, 87079294040 нөміріне хабарласуы қажет.