Бақылау барысында «Қабанды» және «Шибұт» тоспаларының құрылыс барысына ерекше назар аударылды.
Қабанды тоспасы: құрылыстың кешігу себептері мен міндеттер
Қабанды тоспасының құрылысы 2022 жылдың қазан айында басталған болатын. Жалпы құны 137,4 миллион теңгені құрайтын жобаның тапсырыс берушісі — Алматы облысының құрылыс басқармасы. Мердігер ұйым – «Кодекс» ЖШС. Алайда нысандағы жұмыс барысы өндірістік кестеден едәуір кешігіп отыр. Бүгінгі күнге дейін құрылыс жұмыстарының тек 73 пайызы ғана орындалған.
Мониторинг кезінде тоспа аумағында небәрі үш жұмысшы мен екі техниканың ғана жұмыс істеп жатқаны анықталды. Авторлық және техникалық қадағалау тарапынан да жүйелі бақылау жүргізілмегені байқалды. Бұдан бөлек, құрылысқа пайдаланылған сары топырақтың жарамсыз екені анықталып, оны ауыстыру жөнінде тиісті тапсырмалар берілді.
Жұмыс барысындағы кешігулерге байланысты мердігер мекемеге бірнеше мәрте ескерту хаттар жолданған. Ауа райының қолайсыздығына байланысты кейбір жұмыстар уақытша тоқтатылған. Құрылысты 2025 жылдың тамызына дейін толық аяқтау міндеттелді.
Шибұт тоспасы: жобалық түзетулер мен алдағы жоспар
Шибұт тоспасының құрылысы да осыған ұқсас жағдайды көрсетеді. Жобаның жалпы құны – 535,4 миллион теңге. 2022 жылдың қазанында басталған нысанда бүгінгі таңда 73 пайыз жұмыс атқарылған. Мердігер — «ТУНАС» ЖШС, ал авторлық және техникалық қадағалауды «Гидротехник жоба» және «TN Stroy» компаниялары жүргізуде.
Құрылыс жұмыстары барысында жобалық-сметалық құжаттамаға бірнеше рет өзгерістер енгізілген. Бұл жағдай сот процестерінің кейінге шегерілуіне әкеп соқты. Қазіргі уақытта жұмыстар қайта жандандырылып, мердігерге 2025 жылдың тамызына дейін нысанды толық аяқтау тапсырылды.
Тереңдігі 12 метрден асатын резервуарда қауіпсіздік қоршауының болмауы да назардан тыс қалмады. Сонымен қатар, мердігер ұйым Шәлкөде ауылын сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында 2200 метрлік су құбырын тартуға келісім берді.
Депутаттар жүргізген мониторинг нәтижелері бойынша бірқатар елеулі кемшіліктер мен шешімін күткен мәселелер анықталды. Екі нысанда да құрылыс қарқынының баяулығы, техникалық және авторлық қадағалаудың әлсіздігі, сапа талаптарының сақталмауы алаңдаушылық тудырады.
Осыған байланысты тиісті құжаттарды Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына жолдап, орындалған жұмыстардың сапасын тексеру тапсырылды. Депутаттар тарапынан мұндай нысандарға бақылау алдағы уақытта да тұрақты түрде жүргізіледі.