Ол «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағындағы ғылыми-инновациялық жобалармен және Ядролық физика институтының қызметімен танысты.
Алматы облысында көктемгі егіс науқаны белсенді жүріп жатыр. Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі 436,8 мың гектарға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 13 мың гектарға артқан. «Кең дала» бағдарламасы аясында көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыру үшін облыстың 32 ауыл шаруашылығы өндірушісіне 15,7 млрд теңге жеңілдетілген несие бөлінген.
Сонымен қатар, «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша соңғы екі жылда жалпы құны 10,8 млрд теңгені құрайтын 1 361 несие берілген. Ал 2025 жылы бұл бағдарлама аясында тағы 2,5 млрд теңгеге 211 қарыз беру жоспарланған.
2024 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша өңірдің агроөнеркәсіптік кешеніне 13,2 млрд теңге инвестиция тартылып, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда екі есеге артты. Жыл соңына дейін жалпы құны 33,5 млрд теңгені құрайтын 17 инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Қазіргі таңда олардың алтауы іске қосылып, 103 жаңа жұмыс орны құрылған.
«Байсерке Агро» ЖШС оқу орталығында өткен кездесуде 20-дан астам фермер қатысып, өз пікірлерін ортаға салды. Серік Жұманғарин Үкіметтің ауыл шаруашылығына ерекше көңіл бөліп отырғанын атап өтіп:
«2022 жылы көктемгі егіс пен егін жинауға 70 млрд теңге жеңілдікпен берілсе, бүгінде бұл сома 700 млрд теңгеге жетіп отыр. Сондай-ақ 5%-дық мөлшерлемемен техника лизингіне 200 млрд теңге бөлінді», – деді.
Фермерлер тарапынан субсидия төлемдерінің кешіктірілетіні айтылды. Вице-премьер бұл мәселе бюджеттік шектеулерге байланысты екенін түсіндіріп, агросаладағы инвестициялық жобаларды салалық қаржы институттары арқылы 6% мөлшерлемемен қаржыландыру мүмкіндігін пайдалануға шақырды.
Ол сондай-ақ фермерлерге жоғары табыс әкелетін дақылдарға бет бұру, егіс алқаптарын әртараптандыру және дәнді дақылдарды қайта өңдеуді дамыту қажеттігін айтты.
«Qazaq Balyq» қауымдастығының Алматы филиалы төрағасы Мәрлен Тұрсынәлі балық шаруашылығын дамыту бойынша ұсыныстарын білдірді. Ол жем-шөпке субсидия бөлу, жер асты суын пайдалану үшін ұңғымаларға жеңілдік беру, ветеринариялық құжат алуды оңайлату және цифрландыруды ілгерілету бойынша мемлекеттік қолдау қажет екенін жеткізді. Вице-премьер бұл ұсыныстарды Ауыл шаруашылығы министрлігіне егжей-тегжейлі қарауды тапсырды.
Сапар аясында Серік Жұманғарин «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағына барып, мұнда жүзеге асырылып жатқан жобалармен танысты. АЭА құрылған сәттен бері жалпы 205 млрд теңге инвестиция тартылып, 182 компания орналасқан. 7 мыңнан астам жұмыс орны ашылса, тағы 12 жоба іске қосылу сатысында. Олар толық жүзеге асқанда қосымша 820 жұмыс орны құрылмақ.
Сондай-ақ вице-премьер Ядролық физика институтының қызметімен танысты. Бұл – еліміздегі атом саласында ғылыми зерттеудің толық циклін жүзеге асыратын жалғыз ұйым. Институт онкологиялық ауруларды диагностикалауға қажетті фтор-18, йод-131 және Мо-99 радиоизотоптарын жасап, өнеркәсіп пен мұнай-газ саласына арналған өнімдерді Еуропа нарығына экспорттап отыр.