Алғашқы болып сот залында 16 жастағы куәгер Б. Асқарбек жауап берді. Кәмелет жасына толмағандықтан, оның бейнесі көрсетілмеді. Б. Асқарбек сотталушы Дархан Әскентай мен жасөспірім Думан Ысқақты танитынын айтты. Ол Думан Ысқақпен бір мектепте оқыған.
Куәгердің айтуынша, қайғылы оқиға болған күні Дархан Әскентайдың шотына әпкесі Светлана Қалтаеваның өтінішімен мың теңге аударған. Бұған дейін де Дарханға ақша аударғанын және аударым түбіртегін Дарханның өзіне жібергенін жеткізді. Оқиға туралы кейіннен естіген.
Кәмелетке толмаған куәгерден жауап алу аяқталған соң, сотта 72 жастағы куәгер Светлана Қалтаева тыңдалды. Ол ақша аударғанынан бейхабар болғанын және банк қосымшасын қолдана алмайтынын айтты.
Кейін сот залында Еркебұлан Тоқтарбай куәлік етті. Ол сотталушы Дархан Әскентайдың сыныптасы екенін, қайғылы оқиға күні оны бірнеше бөтелке сыра ішкен күйінде көргенін мәлімдеді.
Сондай-ақ сот отырысына Талғар аудандық полиция басқармасының патрульдік полиция қызметкері Жәнібек Әмірақын да шақырылды. Ол сотталушы Дархан Әскентайды бұрыннан танығанын, бір сыныпта оқығанын айтты. Басқа сотталушылар мен жәбірленушілерді танымайтынын жеткізді.
«»Қамажай» дүкеніне барған кезде қан іздерін көрдім. Адамдардан баланың пышақталғанын, әкесі оны емханаға алып кеткенін естідім. Кейін қара Golf автокөлігін таптық. Автокөлікте ешкім болмаған соң, 102-ге хабарласып, көлікті тапқанымызды хабарладық. Сол маңнан күдік тудырған бір жігітті байқап, әріптесім екеуміз ұстадық. Ол төбелеске қатысы бар екенін мойындады. Бұл Дархан Әскентай болып шықты. Бастапқыда оны танымадым, көзі ісіп кеткен екен. Төңіректе жарық болмаған», — деді полиция қызметкері Жәнібек Әмірақын.
Сот процесі әлі де жалғасуда.