Алым Кебиров — Ұйғыр ауданындағы көзі тірі жалғыз соғыс ардагері. Ол 1924 жылы 1 қаңтарда Кіші Ақсу ауылында дүниеге келген. 1942 жылдан 1943 жылға дейін бірінші Беларусь майданының құрамында соғысты. Күн сайын оның көз алдында жау миналары мен снарядтарынан майдандас жолдастары қаза тауып жатты.
Белгород қаласын азат ету үшін болған шайқастарда ол ауыр жарақат алды. Ауруханада емделгеннен кейін қайтадан майданға оралды. 1943 жылдан 1944 жылға дейін Украин майданында шайқасты, украин қалалары мен ауылдарын жау әскерінен тазартып отырды. Львов қаласын азат ету кезінде тағы да ауыр жараланды.
“1942 жылы 28 ақпанда Жаркенттің военкоматына 120 адам бардық. Бәріміз бірге комиссиядан өттік. Сарыөзекке жаяу барып сол жақта бір-екі апта болдық. Кейін Беларусьқа барып соғыстық, одан кейін Украинадағы майданға аттандық. Ол жақтың бірнеше қаласын азат еттік. Ал Львов қаласында қан майданда жүргенде жүргенде жарақаттанып ауруханада жатып қалдым”, — деп шер тарқатты қарт жауынгер.
Соғыстан кейін туған жеріне оралып отбасын құрып 2 қыз, 6 ұл тәрбиеледі. Қазір 27 немере, 60-тан астам шөбере және 2 шөпшек сүйіп отырған қазыналы қария.
Ол 54 жылын колхозға арнапты. Ол жерде бригадир, совхоз, кадр бөлімінде және басшының орынбасары кейіннен кеңес төрағасы қызметін атқарды.
Әр жылдары әр түрлі қызметтер атқарып Ұйғыр ауданын дамытуға үлкен үлес қосқан. Қазіргі уақытта Бахар ауылында балалары мен немерелерінің ортасында өмір сүріп жатыр. Ол — Карадала өңірінің тірі тарихы, 80-ші Жеңіс көктемін көрген жалғыз ардагер.
Сөз соңында батыр атамыз сұхбаттасуға келген БАҚ өкілдеріне өз батасын берді.
“Заманымыз тыныш болсын, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Жасаған жұмыстарымыз әділ болсын. Жастарымыз мемлекет пен қоғам үшін тіршілік жасасын. Біз көрген қиыншылықты балаларымыз көрмесін. Бұдан кейін соғыс көрмейік», — деп ақ тілегін ақтарды Алым Кебиров.
Айта кетейік, 9 мамыр Ұлы Жеңіс күніне орай, Алым Кебиров атамызға мемлекет тарапынан 5 миллион теңге көлемінде бір реттік сыйақы берілді.