Биыл өңірде 120 ресми жағажай толық жабдықталып, демалыс аймақтары күшейтілген бақылауға алынған. Құтқару қызметі тәулік бойы кезекшілік етеді, хабарлау жүйелері тұрақты жұмыс істейді. Ең басты жаңалық — жағажайларда алғаш рет жасанды интеллектпен жабдықталған бейнебақылау камералары орнатылды.
Бұл заманауи жүйелер су айдындарындағы күмәнді немесе қауіпті әрекеттерді автоматты түрде анықтай алады. Мәселен, адам шектен тыс қашықтыққа жүзіп кетсе немесе суда тепе-теңдігін жоғалтса, жүйе дереу белгі береді.
Камералардан түсетін барлық мәлімет нақты уақытта Алматы облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің Жедел әрекет ету орталығына жіберіледі. Бұл өз кезегінде жедел шешім қабылдауға және қауіпсіздік деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.
Облыстық туризм басқармасының басшысы Қуаныш Мирамбекұлының айтуынша, өткен жылы Қонаев қаласы мен оның айналасына 1,5 миллионнан астам турист келген. Биыл бұл көрсеткіш 2 миллионнан асуы мүмкін.
«Біз туристік инфрақұрылымды дамытып, цифрлық шешімдерді белсенді енгізіп келеміз. Демалушыларға жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру – басты міндетіміз», – деді басқарма басшысы.
Қапшағай су қоймасы бұрынғысынша өңірдің негізгі демалыс орындарының бірі болып қала береді. Енді бұл аймақта заманауи қауіпсіздік жүйелері мен жоғары сапалы қызмет ұсынылатын болады.