Бұл көрме – тек өнімдердің сапасын көрсету алаңы ғана емес, сонымен қатар аудан кәсіпкерлері мен шаруа қожалықтарының еңбегін бағалап, ауыл шаруашылығына қосқан үлесін насихаттаудың тиімді платформасына айналды. Көрме барысында жергілікті шаруалардың табиғи әрі экологиялық таза өнімдері мен ұлттық тағамдарының кең таңдауы ұсынылды.
Іс-шараға Шарын, Тасқарасу, Бахар, Кыргызсай, Кіші Дихан, Ават, Дардамты, Үлкен Ақсу, Ақтам, Қалжат, Тиірмен, Кетпен ауылдық округтерінен кәсіпкерлер қатысты. Көрмеге гибридті тұқымдар, кептірілген жемістер, жеміс-жидектер, ұлттық қолөнер бұйымдары (көрпе, жастық), қолдан тігілген аяқ киімдер, кәдесыйлар, кондитерлік өнімдер, бал, балық және ет өнімдері, бидай ұны, жем, кебек, жартылай фабрикаттар мен қолдан жасалған әшекей бұйымдар қойылды. Бұл келушілерге ауылдың нағыз дәмін сезініп, табиғи өнімдердің сапасын бағалауға таптырмас мүмкіндік сыйлады.
Сонымен қатар, көрмеде ұлттық тағамдар мен дәстүрлі өнімдердің кеңінен ұсынылуы қазақ халқының бай мәдениеті мен асханасын дәріптеуге, ұлттық құндылықтарды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуге үлкен үлес қосты. Осындай игі бастамалар ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсартып қана қоймай, ауданның ауыл шаруашылығы әлеуетін одан әрі арттыруға жол ашады.