2025 жылғы 28 мамырда өткен жұмыс сапары барысында депутаттар Қ. Байғоджаев, Д. Жарасбаев, Н. Бокыбаев, А. Ақжолтаева және А. Илахунов Кіші Дихан, Дардамты, Ақтам, Тиірмен және Ават ауылдарында салынып жатқан дәрігерлік амбулаторияларды аралады.
Су қауіпі мен сапасыз жүйе – басты мәселелер
Кіші Дихан ауылындағы амбулаторияның құрылысы жобалық құжаттамаға сәйкес келмейтіндігімен назар аудартты. Ғимарат бұрынғы нысаннан төмен орналасқан, сол себепті таудан келетін сулардың ішке ағу қаупі бар. Жаяу жүргіншілер жолының плиткалары жобалық деңгейден жоғары төселіп, су ағу жүйесін бұзып отыр. Бұл жағдай іргетасқа судың сіңуіне, ғимараттың шөгуіне, қабырғалардың жарылуына себеп болуы мүмкін.
Сондай-ақ арық жүйелері, қабылдаушы құдықтар мен су өткізу арналары талапқа сай емес. Абаттандыру жұмыстары сапасыз, ал техникалық және авторлық қадағалау жеткіліксіз деңгейде жүргізілген.
-
Жоба құны: 307,7 млн теңге
-
Мердігер: «Abadan Construction» ЖШС
Дардамты ауылындағы ФАП-та құрылыс нормалары бұзылған
Мониторинг кезінде Дардамты ауылындағы фельдшерлік пункттің ішкі және сыртқы жұмыстары бірқатар ережелерге сай келмейтіні анықталды. Кафель дұрыс төселмеген, есіктер мен санитарлық-техникалық жүйелерде ақаулар бар. Фундаменттің жылу оқшаулауы толыққанды орындалмаған. Абаттандыруда да кемшіліктер кездесіп, инженерлік жүйелердің сапасы сын көтермейді.
-
Жоба құны: 196,8 млн теңге
-
Мердігер: «ТУНАС» ЖШС
Ақтам ауылындағы нысан – қаржыландыру мен қадағалауда мәселе бар
Ақтам ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның құрылысы белгіленген мерзімнен айтарлықтай қалып отыр. Жұмысшылар саны жобалық талапқа жетпейді. Сыртқы сылақтың қалыңдығы нормативтен асып кеткен. Терезелер толық орнатылмаған. Таудан ағатын сулар мен жақын маңдағы кәріз септигі нысанға қауіп төндіруде.
Республикалық бюджеттен қаржы қарастырылмаған. 2025 жылы жергілікті бюджеттен бөлінген 21,6 млн теңге игерілгенімен, нысан толық қаржыландыруды қажет етеді.
-
Жоба құны: 311,7 млн теңге
-
Мердігер: «Капитал Строй Проект Групп» ЖШС
Тиірмен мен Ават ауылдарындағы абаттандыру кемшілігі
Тиірмен ауылында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстары да сын көтермейді. Ішкі әрлеу түсіп жатыр, линолеум мен кафель бір деңгейде төселмеген. Баспалдақ қоршаулары орнатылмаған, техникалық қауіпсіздік шаралары сақталмаған.
Ават ауылындағы амбулаторияда абаттандыру жұмыстары толық орындалмаған. Кәріз жүйесінде желдету қарастырылмаған. Электр және су жүйелері де сапасыз орындалған. Қадағалаушы тараптан жүйелі бақылау болмағаны байқалады.
Облыстық мәслихат депутаттары анықталған кемшіліктерді тиісті басқармалар мен мердігерлерге жеткізіп, құрылыс сапасын арттыру, инженерлік шешімдерді қайта қарау және жоба-сметалық құжаттаманы нақтылау бойынша нақты тапсырмалар берді. Әлеуметтік маңызы бар нысандардың сапалы әрі уақытында тапсырылуы – өңір халқының өмір сапасын жақсартудың басты кепілі екені баса айтылды.