Айта кетейік, шабандоздар барлығы 1200 шақырымды бағындырды. Күн сайын олар 100 шақырымнан жүріп, 600 шақырымнан кейін ат ауыстырған. Елордадан 19 команда жарыс жолына шыққанымен, мәреге төрт құрама ғана түгел жетті. Өйткені осындай алыс қашықтыққа жылқылардың көбі шыдамапты.
Бәйгенің бас төрешісі Надежда Купцованың айтуынша, марафонға қатысқан жылқылар да, шабандоздар да дін-аман. Жануарлар үнемі ветеринарлардың бақылауында болған.
29 қыркүйектің кешінде жеңімпаздар мен жүлдегерлерді Түркістан қаласының жұртшылығы күтіп алды.
Жоба авторы Бақытжан Тұрлыбектің айтуынша, мәреге жеткен командалардың сапында бір немесе екі шабандоздың жарыстан шығып қалуына байланысты тағайындалған жүлде қоры төмендегідей болып бектіледі:
Маңғыстау облысы – 24 млн теңге;
Жетісу облысы – 12 млн теңге;
Түркістан облысы – 9 млн теңге.
Ал, артылған қаражат есебінен төртінші орын алған Жамбыл облысының шабандоздарына 6 млн теңге көлемінде сыйақы беріледі. Сонымен қатар, командалары жарысты ерте аяқтаған тағы 12 шабандоздың әрбіріне 1 млн теңгеден тағайындалды.