Сапардың негізгі мақсаты — күн энергетикасы саласындағы озық технологиялармен танысу және жаңартылатын энергия көздері бағытындағы ынтымақтастықтың болашағын талқылау болды. Қазақстандық делегация өндіріс үдерісінің жоғары деңгейде автоматтандырылғанына, өнім сапасын бақылаудағы инновациялық тәсілдерге және кәсіпорынның ауқымына жоғары баға берді.
Astronergy компаниясы жоғары тиімділікке ие күн панельдерін өндіруге маманданған және «жасыл» технологиялар саласындағы заманауи шешімдерді белсенді түрде енгізіп келеді. Өндірістік желілер бойынша экскурсия барысында Алматы облысының өкілдеріне өндіріс технологиялары, өнімді сынақтан өткізу кезеңдері және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесі туралы жан-жақты ақпарат ұсынылды.
Сапар қорытындысында тараптар алдағы уақытта ынтымақтастықты жалғастыруға ниет білдіріп, оның ішінде Қазақстан аумағында технологияларды жергіліктендіру және жаңартылатын энергетика саласында тәжірибе алмасу мәселелері бойынша өзара қызығушылық танытты.