Марафонның алғашқы күндерінен-ақ Алматы облысының еріктілері жоғары белсенділік танытып, екі мыңнан астам түрлі іс-шара ұйымдастырып, өңірді республика бойынша алдыңғы қатарға шығарды.
Алматы облыстық Жастар саясаты мәселелері басқармасының мәліметінше, өңірде 20-дан астам ірі еріктілер ұйымы жұмыс істейді. Еріктілердің жалпы саны – 10 мыңнан асады. Қозғалыс облыстың барлық аудандары мен ауылдық округтерін қамтып, әлеуметтік қолдаудан бастап экологиялық жобаларға дейінгі кең ауқымды бағыттарды біріктіруде.
Әсіресе, Мемлекет басшысының «Taza Qazaqstan» бастамасы аясында эковолонтерлік бағытқа деген қызығушылық едәуір артқан.
«Соңғы бір жарым жыл ішінде жастарды еріктілік қызметіне тарту бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Арнайы іс-шаралар күнтізбесі бекітіліп, Жастар ресурстық орталығы жанынан еріктілік бастамаларды дамыту және қолдау бөлімі ашылды. Сонымен қатар алғашқы көмек көрсету, көшбасшылық, іс-шара ұйымдастыру және жобалық басқару бойынша оқыту курстары іске қосылды», – деді басқарма басшысы Мәди Ахметов.
Бұдан бөлек, әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы еріктілікті насихаттауға бағытталған ауқымды ақпараттық науқан жүргізілуде. Негізгі мақсат – жаңа еріктілерді тарту және қоғамда еріктілер еңбегін кеңінен танымал ету.
Алматы облысының Еріктілер фронт-офисі өз жұмысын жаңартып, жыл бойына тұрақты түрде өткізілетін білім беру бағдарламаларын енгізуде. Бұл бағдарламалар еріктілерге тек көмек көрсету ғана емес, сонымен қатар кәсіби дағдыларын дамытуға мүмкіндік беріп отыр.
Мамандардың айтуынша, «Жақсылық жаса» марафоны – жастардың азаматтық белсенділігін арттырып, қоғамда еріктілік мәдениетін нығайтатын маңызды алаңға айналуда.