Аталған орталық – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Зульфия Мовкебаеваның жетекшілігімен жүзеге асып жатқан «Мүмкіндігі шектеулі білім алушыларды бейіналды даярлауға психологиялық-педагогикалық қолдауды ұйымдастыру» атты ғылыми жобаның аясында құрылған.
Салтанатты шара барысында Жетісу университетінің Басқарма төрағасы – ректоры Ермек Бөрібаев сөз сөйлеп, орталықтың инклюзивті білім берудегі маңызын атап өтті:
«Бұл орталық – университет қабырғасындағы әлеуметтік әділеттілік пен тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге бағытталған нақты қадам. Мұнда арнайы білім беру саласындағы қолданбалы және теориялық зерттеулер жүргізіліп, әдістемелік құралдар әзірленетін болады», – деді ректор.
Жаңа орталық заманауи техникалық құралдармен жабдықталған. Мұнда көру, есту, тірек-қимыл және басқа да дамуында шектеуі бар балаларға арналған арнайы оқу материалдары қарастырылған. Сонымен қатар, арнайы педагогика мен психология саласында ғылыми-әдістемелік жұмыстар жүйелі түрде жүргізілетін болады.
Аудиторияның ашылуына орай «Қазақстан Республикасында арнайы білім беру: тәжірибе және даму тенденциялары» атты республикалық дөңгелек үстел өтті. Жиынға жетекші ғалымдар мен тәжірибелі мамандар қатысып, өзекті мәселелерді талқылап, саладағы жетістіктер мен даму бағыттарын саралады.
Баяндамашылар қатарында:
-
профессор Зульфия Мовкебаева,
-
аға оқытушы Мөлдір Увалиева,
-
облыстық №3 арнайы мектеп-интернатының директоры Баян Сарсенбаева,
-
есту қабілеті бұзылған балаларға арналған облыстық мектеп-интернат қызметкері Күләй Мухаметрахимова,
-
Жетісу университетінің ғалымдары Гүлжан Жолтаева мен Баян Альмухамбетова болды.
Жиын соңында арнайы білім беру сапасын арттыруға бағытталған бірқатар нақты ұсыныстар қабылданды.