Жоба облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев пен Қытайдың Sichuan Dingshang Leishi Supply Chain Management Co., Ltd. компаниясы өкілдерінің кездесуі барысында таныстырылды.
Бұл бастама – индустрияландыру бағытындағы маңызды қадам ғана емес, сонымен қатар өңір тұрғындарын көп жылдан бері алаңдатып келген экологиялық мәселені шешуге бағытталған. Балқаш ауданы жыл сайын табиғи өрттерге тап болып келеді. Оның басты себебі – иесіз қалған, жағалау бойында өскен қамыс. Ол тез тұтанып, сөндіру қиын болғандықтан, экологияға, жануарлар дүниесіне және адамдардың өміріне елеулі қауіп төндіреді.
Енді бұл жағдай оң шешімін табуы мүмкін. Жоспарланған фабрика жылына 200 мың тонна қамысты қайта өңдеп, 140 мың тонна дайын қағаз өнімін шығарады. Бұл экологиялық тәуекелдерді төмендетіп қана қоймай, өңірде қаптама, кеңсе және гигиеналық өнімдер өндірісін жолға қоюға мүмкіндік береді.
«Бұл жобаны біз жасыл экономиканың маңызды құрамдас бөлігі деп есептейміз. Ол экологиялық тиімділікпен қатар, өнеркәсіптік даму мен халықты жұмыспен қамтуға серпін береді», – деді Марат Сұлтанғазиев.
Өндірістік кешеннің аумағы 20–30 мың шаршы метрді құрайды. Мұнда шикізатты қабылдаудан бастап, дайын өнімді буып-түюге дейін толық өндірістік цикл жүзеге асады. Барлық үдерістер заманауи экологиялық талаптар мен стандарттарға сай жүргізіледі.
Балқаш ауданының тұрғындары қамысты өткізіп қана қоймай, фабрикада жұмысқа орналасып, жабдықтау тізбегі аясында шағын және орта бизнесті дамытуға мүмкіндік алады.
Жобаның бастамашысы – «BC Lengthy Life» компаниясының бас директоры Жеңіс Қасымбек. Ол соңғы төрт жыл бойы қазақстандық қамысты Еуропа елдеріне экспорттап, бұл салада айтарлықтай тәжірибе жинаған. Енді сол экспорттық бағыт ішкі нарықтағы қайта өңдеу өндірісіне айналмақ.
«Бұл – жай ғана зауыт емес. Бұл – қамысқа деген көзқарасты түбегейлі өзгертетін мүмкіндік. Ол енді қауіп көзі емес, құнды ресурсқа айналады», – деді Жеңіс Рахымберліұлы Қасымбек.
Жобаның жүзеге асуы Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық ынтымақтастықты нығайтып, Алматы облысының өнеркәсіптік және экологиялық дамуындағы жаңа кезеңнің бастауы болмақ.