Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі төтенше жағдай DV5270 рейсіне отырғызу кезінде болғанын мәлімдеді. Жолаушылар терминалда күтіп тұрған сәтте, жарнама қалқаны олардың үстіне құлаған. Нәтижесінде бір әйел оқиға орнында қаза тауып, екі қазақстандық азаматша түрлі деңгейдегі жеңіл жарақат алған.
ҚР Сыртқы істер министрлігі оқиғаға байланысты ресми түсініктеме берді:
«17 мамырда Шарм-эль-Шейх халықаралық әуежайының ұшу аймағында жолаушылардың үстіне жарнама қалқаны құлады. Қайғылы оқиға салдарынан бір қазақстандық азаматша қаза тауып, тағы екі отандасымыз жарақат алды», – делінген министрлік хабарламасында.
СІМ өкілдері марқұмның туыстарымен байланыс орнатқанын және тиісті консулдық көмек көрсетіліп жатқанын хабарлады. Жарақат алған азаматшаларға жергілікті медицина мамандары алғашқы көмек көрсеткен. Қазіргі уақытта олардың жағдайы тұрақты.
Египет билігі Қазақстан тарапына ресми түрде көңіл айтып, жағдайдың егжей-тегжейін анықтау үшін арнайы комиссия құрған. Елдің азаматтық авиация министрі бұл істі жеке бақылауына алған.
«Қазіргі уақытта оқиғаға байланысты тергеу амалдары жүріп жатыр», – деп толықтырды ҚР СІМ.
Қазақстанның Египеттегі елшілігі бұл жағдайды ерекше бақылауға алғанын мәлімдеді.