Израиль 19 қаңтарда күшіне енген атысты тоқтату туралы келісімнің күшін біржақты түрде жойды.
BBC мәліметінше, сейсенбіге қараған түні Израиль әскері ел басшылығының бұйрығынан кейін Газа секторындағы ХАМАС нысандарына әуе соққыларын қайта бастады. Газа билігі мен жергілікті медицина қызметкерлері шабуыл салдарынан ондаған адамның қаза тапқанын хабарлады.
Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху кеңсесінің мәлімдемесінде:
«Бұл ХАМАС-тың тұтқындарды босатудан бірнеше рет бас тартуы, сондай-ақ АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф пен делдалдардың барлық ұсыныстарын қабылдамауы салдарынан болды. Қазір ЦАХАЛ Газа секторындағы ХАМАС террористік ұйымының нысандарына соққы беріп жатыр. Бұл әскери операцияның негізгі мақсаттарының бірі – тұтқындарымызды – тірі немесе қаза тапқандарын толықтай босату» – делінген.
ХАМАС бақылауындағы Газа азаматтық қорғаныс агенттігінің мәліметінше, Израильдің әуе шабуылы салдарынан кемінде 20 адам, соның ішінде бес бала қаза тапты, ондаған адам жараланған. Бұған дейін Израиль Газа секторына электр энергиясын беруді тоқтатқан болатын.