Бұл шара – екі бауырлас халықтың ортақ мәдени мұрасы саналатын айтыс өнерін әлемдік деңгейде танытуға бағытталған маңызды бастама.
Айтыстың басты мақсаты – қазақ пен қырғыз халықтарына ортақ ауыз әдебиетінің асыл мұрасы – айтыс өнерін халықаралық аудиторияға кеңінен таныстыру. Айта кету керек, айтыс 2015 жылы ЮНЕСКО-ның адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енгізілген болатын. Биыл сол тарихи шешімге 10 жыл толып отыр.
Поэзиялық дода бес раундтан тұрды. Онда Қазақстан мен Қырғызстанның таңдаулы ақындары домбыра мен қомуздың сүйемелдеуімен суырыпсалма өнерлерін паш етті. Айтыс екі елдің мемлекеттік тілдерінде – қазақ және қырғыз тілдерінде өтті.
Айтысты бағалауға қос елдің парламент депутаттары, мәдениет қайраткерлері мен халық ақындары қатысты. Қазылар алқасының құрамында танымал жыршылар мен айтыс сахнасының саңлақтары болды.
Халықаралық деңгейде өткен бұл шара келесі ұйымдардың қолдауымен жүзеге асты:
-
«Айтыш Франс» қоғамдық қоры
-
«Amanat» партиясы
-
Халықаралық айтыс және жыршы-термешілер одағы
-
Қазақстан мен Қырғызстанның ЮНЕСКО жанындағы тұрақты өкілдіктері
Париж төрінде өткен бұл айтыс – қазақ пен қырғыз халықтарының рухани-мәдени болмысын Еуропа жұртшылығына танытқан, шетелде өткен алғашқы мәдени оқиға ретінде тарихқа енді. Мұндай шаралар бауырлас елдер арасындағы мәдени байланысты тереңдетіп, ұлттық өнерді жаһандық деңгейде насихаттауға жол ашады.