Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды.
Құжатқа сәйкес, Мемлекет басшысы мынадай шешімдер қабылдады:
-
Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (Антикоррупциялық қызмет) қайта ұйымдастырылып, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қосылады.
-
ҰҚК құрылымында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет атты жаңа ведомство құрылады.
Сонымен қатар, Антикоррупциялық қызметтің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты қалыптастыру және жүзеге асыру, жемқорлыққа қарсы іс-қимылды үйлестіру, құқықбұзушылықтардың себептері мен жағдайларын азайту, сондай-ақ қоғамда жемқорлыққа қарсы мәдениетті дамытуға бағытталған функциялары мен өкілеттіктері Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне берілмек.
ҰҚК мен Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Антикоррупциялық қызметтің функциялары мен міндеттері бойынша құқықтары мен міндеттемелерінің құқықтық мұрагерлері болып белгіленді.
ҰҚК бір ай ішінде жаңадан құрылатын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ережесін дайындап, Президенттің қарауына ұсынуы тиіс. Сонымен қатар, Үкіметпен және Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бірлесіп, Антикоррупциялық қызметтің жаңа құрылымға сәйкес штаттық санына байланысты ұсыныстар әзірлеуі қажет.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігі де бір ай ішінде өзіне жүктелген жаңа функциялар негізінде Агенттік туралы ережеге өзгерістер енгізу жөніндегі Жарлық жобасын дайындап, Президентке ұсынуы тиіс. Ал екі ай ішінде ҰҚК мен Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Жарлықты іске асыруға бағытталған өзге де шараларды қабылдауы қажет.
«Қазақстан Республикасының Үкіметі 2025 жылғы 1 қыркүйекке дейін осы Жарлықтан туындайтын Заң жобасын әзірлеп, Мәжіліске ұсынуы тиіс», – делінген құжатта.
Жарлықтың орындалуын бақылау Президент Әкімшілігіне жүктелді. Құжат қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
Айта кетейік, бүгін Мемлекет басшысы Қазақстанда жергілікті полиция қызметін тарату туралы заңға да қол қойған болатын. Заң жобасын әзірлеушілердің айтуынша, аталған құрылым өз міндетін тиімді атқара алмаған: құқық бұзушылықтың алдын алу мен қоғамдық тәртіпті сақтау орнына, полиция көбіне абаттандыру мен қоқыс шығаруға қатысты мәселелермен айналысқан.