Ендеше ерекше сұранысқа ие Форель балығы жайлы толық ақпарат алу үшін alataunews.kz тілшілері Алматы облысында Құбылмалы бахтах балығын өсірумен айналысатын шаруашылыққа арнайы барып қайтты. Қонаев қаласынан 200 шақырым жерде Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Шелек өзенінде Бартоғай су қоймасы бар. Осы су қоймасының жағалауында, су бетінде құбылмалы бахтах балығын (радужный форель) өсіретін Sinergy CH ЖШС орналасқан.
Шаруашылыққа салынған жалпы инвестиция көлемі 324 миллион теңге. Қазіргі уақытта, шаруашылықта диаметрі 16 метрден бастап 22 метрге дейін, ал тереңдігі 10-15 метрлік балық өсіруге арналған 10 тоған бар. Әр тоғанда 25 тоннадан 50 тоннаға дейін балық өсіріліп жатыр. Биылғы жылы сатылымға шығатын өнім көлемі – 100 тонна. Ал 2024-2025 жылдары өнім көлемін 200-400 тоннаға дейін арттыру жоспарланып отыр. Ол үшін тағы да 6 тоған салынады. Сонымен қатар, алдағы уақытта Ресейге де жөнелтілетін болады.
Шаруашылық директорының орынбасары Берік Айтжановтың айтуынша, балықтардың қорегі олардың етінің дәміне тікелей әсер етеді. Сондықтан құбылмалы бахтах балығына азық ретінде еуропалық «Аллер Аква» компаниясының сапалы жемі қолданылады. Әр тоғандағы балық салмағының 1-1,5% есебінде күніне үш мезгіл қоректендіріледі. Балықтардың жақсы салмақ жинауына таза ауа, су және жақсы жем болса жеткілікті. Сол себепті судың температурасы мен оттегі мөлшері үнемі бақылауда болады. Қазіргі уақытта температура 70С, қыс суық болса да балықтар үнемі қозғалыста болғандықтан суды қатырмайды. Ал жазда су температурасы 180С градустан асса, уақытша жем беру тоқтатылады. Себебі, балықтарға жемді қорыту қиынға соғып, әрі қарай дамуына қауіп төндіреді.
«Бартоғай су қоймасындағы бұл шаруашылық 2022 жылдың мамыр айында құрылды. Қыркүйек айында салмағы 10 грамдық шабақтар салынды. 2023 жылдың қарашасында олардың салмағы 500-700 граммға жетті. Қазіргі уақытта, 75 тонна балық сатылымға дайын. Балықтар жыл бойы өсіріліп сатылымға шығады. Шаруашылық тоқтап қалмайды. Алдағы аптада 300 келі балыққа тапсырыс дайын тұр», – деп атап өтті Берік Айтжанов.
Айта кетейік, Құбылмалы бахтах деп аталуының себебі, ересек балықтың бүйір жағында ашық қызыл түсті жолақтың болуы. Қарапайым халық бұл балықты Хан балығы деп атайды. Құрамында фосфор сынды микроэлементтер көп, денсаулыққа пайдалы. Әрі еті өте дәмді болғандықтан, бахтах балығына деген сұраныс күн санап артып келеді.