Оқиға 7 желтоқсанға қараған түні сағат 00:16-де болған. Алматы облысы ТЖД кезекші бөліміне Еңбекшіқазақ ауданы, Космос ауылы, Первомайская көшесі мекенжайы бойынша жеке тұрғын үйдің өртенгені туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына тез арада жоғары дәрежелі шақыру бойынша күштер мен құралдар жіберілді.
«90 шаршы метр алаңдағы жеке тұрғын үй жанған. Үйдің қабырғалары қаңқа-қамыс, шатыры ағашпен торланған. Баспана 1961 жылы тұрғызылған. Үйді 2021 жылдан бері 8 адамнан тұратын отбасы жалдап тұрған», – деп хабарлайды ТЖД баспасөз қызметі.
Өрт сөндіру кезінде 1960 жылы туған әйелдің, 2018 және 2019 жылы туған ұлдардың мәйіті табылған. Сондай-ақ өрттен қаза тапқан балалардың 1999 жылғы анасы, 2022 жылы туған нәресте, 1991 жылы туған ер адам (қаза тапқан балалардың әкесі), 1958 жылы туған ер адам (ата) , 2002 және 2004 жылы туған ер адамдар (көршілер) Есік қаласының ауруханасына жеткізілді.
Өрт сағат 01:15-де жойылды. Өрт фактісі негізінде қылмыстық іс қозғалды. Өзге ақпарат жария етілмейді.