Алматы облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, жол апаты 5 қазан күні сағат 14:40 шамасында Кеген ауданы Саты ауылы аумағында, «Қайыңды-Саты» таулы автожолының 9-шы шақырымында 47 жастағы автобус жүргізушісі қарсы қозғалыс жолағына шығып, 1997 жылғы жүргізушінің басқаруындағы «УАЗ» автокөлігімен бетпе-бет соқтығысқан.
Аталған дерек ҚР ҚК 345-бабының 3-бөлімінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық белгілері бойынша Кеген ауданы полиция басқармасында тіркелді.
«Жол апаты салдарынан 36 жастағы жолаушы оқиға орнында көз жұмды. Сонымен қатар, түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға 6 адам жеткізілді. Қазіргі уақытта барлық мән-жайларын объективті зерттеуге бағытталған сараптама тағайындаумен қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Автобус жүргізушісі Кеген ауданы полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды. Істі тергеу барысын мен бақылауға алдым», – деп жазды Алматы облыстық Полиция департаментінің басшысы Бауыржан Әленов.