Бұл туралы оның әпкесі жеткізді. Ол оқиға 29 қыркүйекте Іле-Алатау ұлттық паркінің аумағында болғанын айтады.
«Інім Қуатбеков Дамир айналаға шолу жүргізіп, жоғарыдан жаяу түсіп келе жатқанда Toyota Land Cruiser көлігі троспен шлагбаумды іліп кетіп, оны бүлдіргенін көреді. Инспектор оларға жақындап, өзгенің дүниесін неге бүлдіресің деп сұрайды. Нәтижесінде көліктегілердің біріндегі адаммен інімнің арасында жанжал туындайды», – деді жәбірленушінің әпкесі.
Ол інісінің үстінде Іле Алатауы ұлттық табиғи паркінің таңбасы бар камуфляж киімі, сондай-ақ инспектор куәлігі де болғанын айтады.
Көлікте төрт адам болған. Олардың бірі көліктен ұруға арналған арнайы ағашты (бита) алып шығып, Дамирді ұра бастаған. Ол есінен танып қалады. Көзін ашқанда қас қарайып кеткен, тас қараңғы. Көліктің жарығынан ол көліктің нөмірін анықтап көре алмаған.
Дамир есін жиған соң әпкесінің үйіне барған. Тауға ең жақыны сол үй екен.
«Үсті-басы қан. Құлағынан қан кеткен. Қабырғам мен басым дей берді. Құсты. Полиция шақырдық. Олар түнде оқиға орнына келіп, іздерді қарады. Інімнің үстіндегі киімді алып қалды. Дәрігерлер ініме «бас-сүйек ми жабық жарақаты және көптеген жаралар” бар деген диагноз қойды», – дейді ол.
Іле-Алатауы ұлттық паркінің баспасөз қызметі бұл оқиғаға қатысты түсініктеме берді.
Аталған оқиға 29 қыркүйекте сағат 19:15 шамасында Іле-Алатау ұлттық паркінің аумағында «Мокрый ключ» шатқалына барар жолдағы «Аққайың» шатқалындағы Каменск орманшылығында орын алды.
«Төрт белгісіз адамның ұлттық парк аумағына заңсыз кіруіне жол бермеуге тырысқан Каменск орманшылығының Медеу филиалының инспекторына шабуыл жасалған. Қара түсті (Раптормен боялған) Toyota Land Cruiser көлігіндегі қаскөйлер «Мокрый ключ» шатқалына бару үшін жабық тұрған шлагбаумды тросттың көмегімен жұлып алуға тырысқан», – делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдарын қолға алды. Мемлекеттік инспектордың жағдайы тұрақты.