«Жертөледен ер адамның денесі шығарылды, оның жеке басы әзірге анықталған жоқ. Сонымен қатар, қалалық ауруханаға 1981 жылы туған ер адам жеткізілді», – деп мәлімдеді облыстық ТЖД.
Бұған дейін облыстық денсаулық сақтау басқармасынан мәлім еткендей, қару-жарақ дүкеніндегі өрттен 7 адам зардап шеккен.
«Жеті адам зардап шекті, олардың алтауы түрлі деңгейдегі күйікпен стационарға жеткізілді, біреуі ауруханаға жатудан бас тартты», – деп хабарлады басқармадан.
Оқиға орнына 6 жедел жәрдем бригадасы жөнелтілген. Өрт болған маңайдағы тұрғындарға да медициналық көмек көрсетілді. Тұрғындар негізінен қан қысымының көтерілуі мен бас ауруына шағымданған.
Айта кетсек, бүгін сағат 11:20-да Қостанай қаласындағы Назарбаев даңғылында орналасқан «Оружейная палата» дүкенінің ғимараты өртенді. Жалын оның жанындағы көлік жөндеу стансасының шатыры мен асхана ғимаратын да шарпыды.
ТЖМ баспасөз қызметі қару-жарақтың жарылуына байланысты құтқарушылардың дүкен ішіне өте алмай жатқандығын жеткізген еді. Ал, дүкен иесі ғимарат жертөлесінде 2 адам барын айтқан болатын.
Белгілі болғанындай, дүкендегі өрт сағат 14:29-да сөндірілді, себебі анықталып жатыр.