Министр алдағы 3 жылда ауаның тазаруын ЖЭО-2-нің газға көшірілетінімен байланыстырып отыр. Серікқали Брекешевтің алдын ала болжамы бойынша, 2025 жылға қарай аталған жылу энергетика орталығынан ауаны ластаушы қалдықтардың шығу көлемі 80% азаюы тиіс.
Алматыдағы ауа сапасы – тұрғындардың өзекті мәселелерінің бірі. Алматылықтар мегаполистегі қою қара түтінге жиі шағымданады. Тұрғындар мен мамандар атмосфералық ластанудың негізгі себептерінің бірі жылу энергетика орталықтары деп біледі.
Бірер жыл бұрын қаланың белсенді тұрғындары жылу электр орталығы Алматының ауасын қалай ластайтыны туралы видео да түсірген еді. 2020 жылдың қазан айында Алматыдағы барлық ЖЭО газға көшетіні хабарланған болатын.