Қазақ әдебиетінің классикасы, Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» шығармасының желісімен түсірілген атақты фильмнің жалғасы биыл 13 наурызда көрерменге жол тартады. Бұл туралы фильмнің бас продюсері Qalan компаниясының бас директоры Асқар Болат мәлімдеді.
1963 жылы түсірілген фильмде Қожа бесінші сынып оқушысы болса, 2024 жылы түсірілген «Қожа: Жаңа саяхат» атты екінші фильмінде жасөспірім шаққа аяқ басқан, сегізінші сынып оқушысы. Режиссер Қуат Ибрагимовтың сөзінше, «Менің атым Қожа» фильмінің жалғасында сол заманның атмосферасын еш өзгеріссіз көрсетіп, әйгілі шығарманың айтылмаған тұсын айтуға тырысқан.
Qalan компаниясының басшысы әрі фильмнің продюссері Асқар Болаттың айтуынша, классикалық үлгідегі шығармадағы ескі құндылықтарды қайта жаңғыртып, уақыт призмасы арқылы проблемаларды көрсете білуге талпынған.
«Ұрпақтар сабақтастығы сақталып, құндылықтарды жаңғырта білген фильмнің көрерменге берері мол деп ойлаймыз. Бұл өнердегі алғашқы қадамымыз. Компания сапасы жоғары өнім шығару үшін біраз күш пен ресурс бағыттады. Алдағы уақытта да біз баланың ынтасы мен жігерін оятатын мәні бар ілкімді жобаларды жасауды көздеп отырмыз», — дейді ол.
Фильм авторлары қазақ кино өнерінің классикасы, «Қожа: Жаңа саяхат» фильмі алғашқы фильміндей көрермен ықыласына бөленеді деген үмітте екендерін айтты.