Ұйым мәліметінше, 2025 пен 2029 жылдар аралығында жаһандық жылыну жоғары қарқынмен жалғасып, климаттық қауіп күшейе түспек. Бұл жағдай қоғам мен экономиканың дамуына кері әсер етуі мүмкін, деп жазады Azattyq Rýhy.
Есепке сәйкес, орташа жылдық температура 1850–1900 жылдар аралығындағы көрсеткіштен 1,2–1,9 °C-қа жоғары болмақ. 2024 жыл адамзат тарихындағы ең ыстық жыл ретінде тіркелгенімен, болашақта бұдан да ыстық жылдар күтіліп отыр.
2025–2029 жылдары жаһандық жылыну деңгейінің 1,5 градус межеден асып кету ықтималдығы 70 пайызды құрайды. Бұған дейін, 2024–2028 жылдарға арналған осындай болжам 47 пайыз деп көрсетілген еді. Температураның сәл ғана көтерілуі аптап ыстықтың жиілеуіне, жауын-шашын мөлшерінің артуына, құрғақшылық, мұздықтардың еруі, теңіз деңгейінің көтерілуі және мұхит суының қызуына алып келеді.
Сондай-ақ, қарашадан наурызға дейінгі қыс мезгілінде Арктика аймағында жылыну жаһандық орташа деңгейден 3,5 есе жылдам жүреді деген болжам бар. 2025–2029 жылдар аралығында, әсіресе көктем айларында, Баренц, Беринг және Охот теңіздерінде мұз қабаты айтарлықтай жұқарады.
Соңғы онжылдық адамзат тарихындағы ең ыстық кезең болды, әрі бұл үрдіс келешекте де жалғаса беретіні анық.
«Біз тарихтағы ең ыстық онжылдықты артта қалдырдық. Алайда Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым деректеріне сүйенсек, бұл тенденция алдағы уақытта да бәсеңдемейді. Мұның салдары біздің экономикамызға, күнделікті тіршілігімізге, табиғат пен ғаламшар экожүйесіне ауыр тиеді», – деді ұйым Бас хатшысының орынбасары Ко Барретт.
Сарапшылардың айтуынша, 2015 пен 2034 жылдар аралығында Жер шарының орташа температурасы индустрияға дейінгі кезеңмен салыстырғанда 1,44 °C-қа жоғары болады. Егер осы бағыт сақталса, табиғи апаттар мен ауа райының төтенше құбылыстары жиілеп, бүкіл әлем елдері үшін қауіп төндіруі мүмкін.