Қазгидромет 26-28 қыркүйекке арналған ауа райы болжамын жариялады, деп хабарлайды alataunews.kz.
Алдағы күндері республика аумағында ауа райының өзгеруі күтіледі. Солтүстік, шығыс және оңтүстік-шығыс өңірлерде атмосфералық фронттардың әсерінен жауын-шашын болады, ал оңтүстік-шығыстың таулы аудандарында жаңбыр мен қар түрінде қатты жауын-шашын түсіп, жел күшейеді. Түнде ауа температурасы 2-7 градус аязға дейін төмендейді.
Батыс, солтүстік-батыс және орталық өңірлерде Солтүстік-батыс антициклонының әсерінен жауын-шашынсыз, ашық ауа райы болады деп күтілуде. Түнде және таңертең солтүстік, шығыс және оңтүстік-шығыс аймақтарда тұман түседі.
Мамандардың мәліметінше, күндізгі ауа температурасы біртіндеп көтеріледі:
- Батыс өңірде +20…+27°С,
- Солтүстік және орталық өңірлерде +15…+23°С,
- Қиыр оңтүстікте +18…+25°С,
- Оңтүстік-шығыста +12…+20°С,
- Шығыста +3…+11°С шамасында болады.
Бұған дейін Алматы мен Шымкент қалаларында 25-27 қыркүйек күндері қатты жаңбыр жауып, күн күркірейді деп хабарланған болатын. Елордада жауын-шашын болмайды, алайда түнде ауа температурасы 5 градус аязға дейін төмендейді.