Ол 2025 жылғы 7 наурыз күні Алматы халықаралық әуежайында қауіпсіздік қызметінің 23 жастағы қызметкері Ботагөз Мұхтарованы кепілге алған болатын.
Тергеу материалдарына сәйкес, ер адам тексеру аймағында қызмет атқарып жүрген қызға ас үй пышағын бағыттап, рюкзагында жарылғыш зат бар екенін айтып, жарылыс жасайтынын ескерткен. Осы сәтте әуежай жолаушылары мен қызметкерлері арасында үрей туып, төтенше жағдай орын алды.
Оқиға орнында түсірілген видео Telegram желісінде кеңінен тарады. Кадрлардан ер адамның әуежай қызметкерін шашынан тартып, пышақпен қоқан-лоқы көрсетіп жатқан сәті анық көрінеді.
Кейін видео кадрларынан ер адаммен келіссөз жүргізуге келген бейтаныс азаматтың ерлік әрекеті де байқалды. Ол қаскөйдің назарын өзіне аударып, қызды босатуды сұрайды. Оңтайлы сәтті пайдаланып, ер адам Баратовтың қолындағы пышақты жұлып алып, оны залалсыздандырады. Бұл әрекет қоғамда кең қолдау тауып, желі қолданушыларының ризашылығына ие болды.
Аталған факті бойынша құқық қорғау органдары үш бап бойынша қылмыстық іс қозғады:
-
Кепілге алу – ҚР Қылмыстық кодексінің 261-бабы 2-бөлігі 4-тармағы бойынша (адамды кепілге алу, өмірге қауіпті тәсілмен жасалған әрекет). Бұл бап бойынша кінәлі деп танылған тұлға 7 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленеді.
-
Қару қолдану арқылы жасалған бұзақылық – ҚР ҚК 293-бабы 3-бөлігі бойынша. Мұндай әрекет үшін 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
-
Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау – ҚР ҚК 273-бабы бойынша. Бұл бапта 5 000 АЕК көлемінде айыппұл немесе 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Қазіргі таңда Машрапбек Баратов қамауда отыр. Сот процесі жалғасуда. Ал қоғамдық резонанс тудырған бұл оқиға құқық қорғау саласында қауіпсіздік шараларын қайта қарау қажеттілігін көрсетті.
Фото: видеодан жасалған скрин