Сапардың мақсаты – атқарылып жатқан құрылыс жұмыстарының барысын көзбен көріп, сапасын тексеру болатын. Алайда мониторинг нәтижесінде көптеген жобаларда мерзімнің кешіктірілуі, құрылыс сапасының төмендігі және техникалық бақылаудың жеткіліксіздігі анықталды.
Кеген ауданы:
- Торайғыр және Қопалы каналдары: Жобаның орындалу деңгейі 25% ғана құрап, құрылыс мүлдем тоқтаған. Құжаттамалар қайта қаралып жатыр. Сот шешімімен мердігерден 100 млн теңгеден астам қаражат өндірілді. Құрылыс сапасына қатысты көптеген техникалық кемшіліктер тіркелді.
- Жалағаш ауылдық мәдениет үйі: Құрылыс кестеден айтарлықтай артта қалған. Линолеум сапасыз, жаңбыр суы ішке ағып жатыр, мүгедектерге арналған көтергіш дұрыс орнатылмаған. Көгалдандыру аяқталмаған. Сот шешімімен мердігерге жұмысты аяқтау міндеттелген.
- Кіші Қарқара медициналық пункті: 2018 жылы құрылған нысан құқықтық құжаттардың болмауына байланысты ресми түрде пайдалануға берілмеген. Қабырғаларда жарықтар бар, ғимараттың қауіпсіздігіне күмән бар.
- «Балауса» балабақшасы: 2013 жылы салынған нысанның астынан су кетіп, бір жағына қисайған. Жөндеу жобасына қаражат бөлінгенімен, күрделі жөндеу жұмыстары кешеуілдеп жатыр.
- Қарқара ауылындағы өрт сөндіру депосы: Құрылыс артта қалған, дәнекерлеу жұмыстары мен материалдарды сақтау талаптары бұзылған.
- Суару желілерін реконструкциялау: 121,5 км болатын арналар бойынша жұмыстар баяу жүргізілуде. Кей арналар бойынша қаржы бөлінбей, жұмыстар мердігер есебінен атқарылуда.
Райымбек ауданы:
- «Қабанды» тоспасы (Сарыжаз ауылдық округі): 2024 жылдың тамызында аяқталуы тиіс болған жоба ауа райының қолайсыздығына байланысты кешіктірілуде. Бүгінде 73% жұмыс орындалған.
- «Шибұт» тоспасы (Шәлкөде): Құрылыс кешігіп жатыр. Жоба құжаттарына енгізілген өзгерістер сот процесіне себеп болған. Терең су қоймасында қоршау жоқ.
Ұйғыр ауданы:
- Кіші Дихан дәрігерлік амбулаториясы: Жаяу жүргінші жолы дұрыс төселмеген, су ағу жүйесі тиісті деңгейде емес, бұл ғимаратқа қауіп төндіруі мүмкін.
- Дардамты ФАП: Ішкі әрлеу, есік, кафель, санитарлық тораптарда ақаулар бар. Сыртқы жұмыстары да сапасыз жүргізілген.
- Ақтам дәрігерлік амбулаториясы: Құрылыс жұмыстары өте баяу, жұмысшылар саны жеткіліксіз. Жұмыс сапасы төмен, қаржыландыру мәселесі толық шешілмеген.
- Тиірмен дәрігерлік амбулаториясы: Еден, қабырғалар мен электр жүйесінде олқылықтар бар. Қауіпсіздік талаптары сақталмаған.
- Ават дәрігерлік амбулаториясы: Кәріз жүйесінде желдету жүргізілмеген, инженерлік жүйелер сапасыз.
Бақылау нәтижесінде жобалық-сметалық құжаттарға, құрылыс нормаларына және жұмыс сапасына байланысты көптеген олқылықтар тіркелді. Авторлық және техникалық қадағалау жиі жүргізілмеген. Осыған байланысты облыстық мәслихат құрылыс сапасын арттыру мақсатында Ішкі мемлекеттік аудит департаментіне, Прокуратураға және Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына тиісті құжаттарды жолдауды ұсынады.