Өңірде мемлекеттік қызметшілер темір тордың ар жағына экскурсияға барды. Ерекше шара шенеуніктер арасындағы бармақ басты, көз қысты әрекеттердің алдын-алу мақсатында ұйымдастырылды, деп хабарлайды Alataunews.kz тілшісі.
Лауазымды тұлғалар экскурсияға әдеттегідей қымбат қызметтік көліктермен емес, арнайы автобуспен қатынады. Мемлекеттік қызметшілер Заречный кентіндегі ЛА 155/12 мекемесінің тыныс-тіршілігімен танысты.
«Іс-шараның негізгі мақсаттары мемлекеттік қызметшілер арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру. Олар бас бостандығынан айыру мекемелерінде болудың ауыртпалығын бір сәтке сезінуі үшін ұйымдастырылды. Біз сыбайлас жемқорлық қылмыстарға қатысты мемлекеттік қызметшілердің санасын өзгерту және оларға нөлдік төзімділікті дамыту үшін озық жұмыс істеуге тырысамыз», – деп атап өтті Сыбайлас жемқорлыққа қарсы департаментінің қызметкері Жайық Таймерденов.
Шараны ұйымдастырушылар мемлекеттік қызметшілеріді қорқыту емес, ойландыру көзделгенін атап өтті.
Айта кету керек, 2022 жылдың 11 айында 106 сыбайлас жемқорлық қылмысы тіркелген, оларды жасағаны үшін 68 адам, оның ішінде 12 бірінші басшы қылмыстық жауапкершілікке тартылды.