«Орындалған жұмыстардың қорытындысы бойынша LRT желісінің құрылысын аяқтау туралы шешім қабылданды. Бүгін 104-105 вокзал учаскесінде әуежайдан М3 көпіріне дейін 40 құрастырмалы арқалық орнатылды. 2022 жылы 102-103 бекеттерінде жоспарланған арқалықтарды, торларды, 113-114 бекеттерінде қадаларды орнатуды аяқтау жоспарланып отыр», – деді әкімдік өкілдері.
2023 жылы учаскелерде темірбетон құрылымдарын, инженерлік желілерді шығаруды аяқтау және М3 көпірін салу жоспарланып отыр.
Бұл ақпаратты қытайлық мердігер компанияның басшысы Фу Сицзюнь де растаған. Қазір халықаралық әуежайдан бастап Қабанбай батыр көшесіндегі айналма жолға дейінгі аралыққа қажетті техника мен жаңа конструкциялар жеткізілді. Қалалық көлік қызметінің мамандары қытайлық мердігер компания дайындық жұмыстарын пысықтап жатқанын айтады. Олардың ақпаратына сай қазіргі жұмыс кестесі пандемияға байланысты өзгертілген болатын.
«Қытайлық консорциумның мердігер компаниясы келісім-шарттағы міндеттемелерін орындап, дайындық жұмыстарын пысықтап жатыр. Халықаралық әуежай мен Қабанбай батыр көшесінің айналма жолға дейінгі аралығы қамтылады. Құрылыс-монтаж жұмыстарының кестесі пандемияға байланысты өзгертілген еді», – деді «СTS» ЖШС Қоғаммен байланыс қызметінің Бас менеджері Нұрсұлтан Ибраев.
Мердігер компания LRT құрылысын 2023 жылдың шілдесінде аяқтауды жоспарлап отыр.
19 қазанда Премьер-Министр Әлихан Смайылов LRT жобасына қосымша 20 млрд теңге бөлінетінін айтты.
Айта кетейік, 2011 жылы жобаның қазығы қағылып, қала күні қарсаңында құрылыс басталатын жерге капсула салынған еді. Жобаға жауапты «Astana LRT» ЖШС мекемесі құрылды. Франция үкіметі жобаны мақұлдап, 570 мың еуро көлемінде грант бөлді.
2019 жылдың ақпан айында халыққа есеп беру кездесуінде елорданың сол кездегі әкімі Бақыт Сұлтанов жеңіл рельсті көлік (LRT) 2020 жылы аяқталады деп айтып қалды. Бірақ сол жылдың сәуір айында жоба құрылысы мүлде тоқтап қалғаны елге жария болды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Президенттің тапсырмасымен LRT жобасына қаржы қаншалықты негізді жұмсалғанын тексерді. Белгілі болғандай, бюджетке келтірілген шығын 5 млрд теңгеден асқан. Тергеушілердің мәліметінше, шенеуніктер кәсіпкерлермен бірге жоба құнын жасанды түрде қымбаттатып, жалған кәсіпорындардың көмегімен миллиардтаған қаражатты қағаз ақшаға айналдырған. Атышулы іске қатысы бар бұрынғы Астана қаласы әкімдігінің, «Астана LRT» ЖШС лауазымды тұлғалары мен мердігерлік ұйымдардың басшылары анықталды. Алайда іске қатысты күдікке ілінгендердің бірнешеуі шет мемлекеттерге бой тасалап үлгерген.