2025 жылғы 28 мамырда Астанада өткен баспасөз мәслихатында Бас мүфти елдегі мал бағасы мен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің құнына алаңдаушылық білдіріп, кәсіп иелерін халыққа қолдау көрсетуге шақырды.
«Еліміздегі барлық шаруа қожалықтарының иелерін мал бағасын негізсіз қымбаттатпай, халыққа қолжетімді баға ұсынуға үндеймін. Сонымен қатар, барлық кәсіпкерлерді күнделікті тұтынылатын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне мүмкіндігінше жеңілдіктер жасап, бағаны төмендетуге шақырамын. Әсіресе, Құрбан айт күндері халқымыз үшін қайырымды істерге ұмтылу – үлкен сауап», – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Еске салсақ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2025 жылдың 6 маусымын Құрбан айттың бірінші күні деп жариялаған болатын. Бұл – жақсылық жасау мен бірлікке бастайтын қасиетті мейрам. Осыған орай Бас мүфти үндеуі – халқымыздың бір-біріне жанашырлықпен қарап, ынтымақ пен игілікке ұмтылуына бағытталған рухани үн қосу деуге болады.