Энергетика министрлігі Қазақстанның бірнеше аймағында жылыту маусымы басталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды alataunews.kz.
Шығыс Қазақстан, Павлодар, Ақмола облыстары мен Астана қаласында жылу беру маусымы ресми түрде іске қосылды. Ал 1 қазаннан бастап, Абай, Ақтөбе және Қарағанды облыстарында жылыту маусымы басталатыны жоспарланып отыр.
Қазақстанның Бірыңғай электр энергетикалық жүйесі Ресей және Орталық Азия елдерінің энергетикалық жүйелерімен қатарлас жұмысын тұрақты режимде жалғастыруда.
2024 жылға бекітілген жөндеу жұмыстары кестесі бойынша 10 энергоблок, 55 қазандық және 45 турбинада күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған. Қазіргі уақытта 4 энергоблокта, 22 қазандықта және 16 турбинада жөндеу жұмыстары жалғасуда, ал 5 энергоблок, 32 қазандық және 28 турбинадағы жөндеу аяқталған.
Барлық электр станциялары жылыту маусымына толық дайын, қажетті негізгі жабдықтар, оның ішінде қазандықтар мен турбиналармен қамтамасыз етілген. 2024 жылы электр желілерін тарату компаниялары (АЭК) бойынша 20,8 мың км электр беру желілерін, 422 қосалқы станцияны және 4054 тарату пункті мен трансформаторлық станцияларды жөндеу жоспарланған. Бүгінгі күні 19,9 мың км электр желілері, 376 қосалқы станция және 4046 тарату пункті мен трансформаторлық станцияларда жөндеу жұмыстары аяқталды.
Жылумен қамту саласында 2024 жылы 546 км жылу желілерін күрделі жөндеу және жаңарту жоспарланған, оның ішінде қазіргі уақытта 516,3 км жылу желілері жөнделіп, жылдық жоспардың 94,6%-ы орындалды.