Сонымен қатар, хабарламада табылған мемлекеттік символдың тіркеу нөмірі жоқ екені айтылған.
Мамырдың сегізі күні желіде Алматы облысы Ақсу ауданына қарасты ауылдардың бірінде қоқыс үйіндісінде елтаңба жатқаны туралы жазба пайда болды. Ескі үлгідегі елтаңбаны І.Жансүгіров ауылының қоқыс полигонынан жергілікті блогер тапқан. Ол өз парақшасында мемлекеттік мекеме басшыларының рәміздерге деген немқұрайлығын сынап жазған еді.
«Біз қоқыс полигонының жоғарғы жағында тұрамыз. Әке-шешем қоқыс төгіп жатқанда Елтаңбаны байқады. Көріністі көріп қорықтық. Содан үйге алып келдік. Қазір төрде тұр», – деді блогер Данияр Бейісқали.
Заң бойынша қолданыстан шыққан мемлекеттік ту мен елтаңба өртеу, балқыту, майдалау, қалыпсыз массаға немесе ұнтаққа айналдыру жолымен жойылуы тиіс. Айта кетейік, мемлекеттік рәміздерді қорлағандар қылмыстық жазаға тартылады. Мәселен, жазаның ең жеңілі – 2000 АЕК (6 126 000 теңге) дейінгі айыппұл, кейбір жағдайда қылмыскер бас бостандығынан 2 жылға шектеледі немесе айырылады.