Өтініш берушінің пікірінше, лицензиясы бар ойын бизнесі ұйымдастырған құмар ойындарда ұтыс сомаларын өндіруге қатысты сотқа жүгіну құқығын шектеу – Конституцияға қайшы. Ол 2023 жылдың желтоқсанында ұтыс сомасын қайтару туралы талап-арыз бергенімен, бірінші сатыдағы сот Азаматтық кодекстің 914-бабына сүйене отырып, істі қарауды тоқтатқан. Кейіннен апелляциялық сот бұл шешімді өзгеріссіз қалдырды.
Конституциялық сот өз шешімінде лицензиясы бар ойын бизнесі субъектілерімен дауларда сот арқылы қорғану құқығын шектеу азаматтық заңнамаға қайшы келетінін және бұл ойын бизнесін ұйымдастырушылардың шарттық міндеттемелерін орындамауына жол ашатынын атап өтті. Сонымен қатар, АК-нің 914-бабының кейбір тұжырымдары нақты әрі түсінікті болмағандықтан, оны біркелкі түсіну мен қолдану қиындық тудыратыны айтылды.
Нәтижесінде, Конституциялық сот «ойын бизнесін ұйымдастырушы құмар ойындарын және (немесе) бәс тігуді өткізудің шарттарын сақтаған кезде» деген сөздерді қамтитын Азаматтық кодекстің 914-бабын Конституцияға сәйкес емес деп таныды. Үкіметке аталған заңнаманы Конституциялық соттың шешіміне сәйкестендіру бойынша шаралар қабылдау ұсынылды.