Бұған дейін мопед жүргізушілері жол апатына себепші болып, адам өліміне немесе жарақатқа әкелген жағдайда, жеңіл жаза алатын. Олар ҚК-нің 104-бабы (абайсызда кісі өлтіру) және 114-бабы (денсаулыққа абайсызда зиян келтіру) бойынша жазаланып келген. Бұл баптардағы жаза анағұрлым жұмсақ болатын: мысалы, 40 тәулік орнына – 20, 2 жыл орнына – 1 жыл, ал 5 жыл орнына – 3 жылға дейін ғана бас бостандығынан айырылатын.
Алайда енді бұл жеңілдіктер жойылды. Қылмыстық кодекстің 345-бабына сәйкес, мопед жүргізушілері де мынадай жазаға тартылатын болды:
-
Егер жол апаты салдарынан орташа ауырлықтағы жарақат келсе – 40 тәулікке дейін қамауға алу;
-
Ауыр жарақат жағдайында – 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру;
-
Адам өліміне себеп болса – 5 жылға дейін;
-
Ал екі немесе одан көп адамның өмірін қиған жағдайда – 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Бұған дейін мопед «автомобиль» немесе «басқа механикалық көлік құралы» ретінде танылмағандықтан, бұл бап оларға қолданылмайтын. Енді ҚК-нің 3-бабының 8-тармағына енгізілген өзгерістер арқылы мопед те механикалық көліктер санатына енгізілді. Осылайша, мопед жүргізушілері де толыққанды құқықтық жауапкершілікке тартылатын болды.