«Ассамблеяның 30 жылдығына орай, Алматы қаласында осы театрлардың басын қосып, Қазақстан этностарының театр өнері фестивалін өткізуді ұсынамын», — деді Президент.
Мемлекет басшысы сондай-ақ мәдениет пен өнердің бірлік пен келісімді нығайтудағы рөліне ерекше тоқталып, Астана мен Алматы қалаларында этномәдени бағыттағы музей экспозицияларын ұйымдастыру қажеттігін айтты.
«Бірлігіміз – әралуандықта» қағидатын іс жүзінде жүзеге асыру үшін мәдениет пен өнердің толық әлеуетін пайдалануымыз керек. Қазақстанда Александр Пушкин, Тарас Шевченко, Федор Достоевский, Михаил Шолохов сынды әлемге әйгілі тұлғаларға арналған музейлер жұмыс істеп жатыр. Бұл — еліміздің мәдени байлығын толықтырып тұрған құнды қазына. Осындай музейлердің экспозицияларын кеңінен таныстыру мақсатында Астана мен Алматыда көрмелер ұйымдастыру маңызды. Сонымен қатар, кейбір этномәдени бірлестіктердің өздері жинақтаған бірегей өнер туындылары мен этнографиялық жеке коллекциялар да еліміздің мәдени мұрасына айналуы тиіс», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Фото: assembly.kz