«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының мәліметінше, Qazaq Air әуе компаниясының акциялар пакетін стратегиялық инвесторлар консорциумына беру жөніндегі келісім сәтті аяқталған. Консорциум құрамына Central Asia Aviation Holdings Limited (Aviation Holdings Group құрамына енеді) және Kazasia Holdings Limitedкомпаниялары кіреді.
Акцияларды ресми табыстау рәсімі Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің Бас хатшысы То Ламның Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында өтті.
Сапар шеңберінде Қазақстан мен Вьетнам арасында өткен іскерлік дөңгелек үстел барысында Vietjet Air мен Qazaq Air стратегиялық әріптестік туралы келісімге қол қойып, нәтижесінде Vietjet Qazaqstan компаниясы құрылды.
Жаңа әуе компаниясын басқару мен оның операциялық қызметіне Sovico Group пен Vietjet Air өздерінің халықаралық тәжірибесі мен салалық құзыреттерін пайдалана отырып, белсенді қатысады.
«Аймақтық әуе маршруттарын кеңейту арқылы көлік байланысы нығайып, экономикалық өсудің жаңа нүктелері қалыптасады», – деді «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов.