Балаларға жедел медициналық көмек көрсету орталығында өткен шеберлік сабағына шала туған нәрестелердегі ретинопатияның ауыр түрлерін емдеуде мол тәжірибесі бар әлемге танымал үнді офтальмохирургі доктор Нихил Пал арнайы шақырылды.
Төрт күн ішінде дәрігерлер тобы оның жетекшілігімен Қазақстанның 12 өңірінен келген 14 балаға 20 күрделі операция жасады. Ең жас пациент – небәрі 2,5 айлық сәби.
Министрліктің мәліметінше, бұл жоғары технологиялық операция сәбилердің көру қабілетін сақтап қалуға мүмкіндік береді. Себебі ретинопатия – шала туған нәрестелер арасында кең таралған әрі көз жанарын зақымдайтын қауіпті дерт. Жыл сайын елімізде 22 мыңнан астам шала туған сәби дүниеге келсе, олардың шамамен 4 мыңы осы дерттің қаупімен бетпе-бет келеді.
«Ретинопатия соңғы жылдары Қазақстанда сәбилердің зағип болуына себепкер нағыз індетке айналды. Бұл ауру сағат санап өршиді. Уақытылы араласпаса, бала өмір бойы анасының жүзін көрмей өсуі мүмкін», – дейді жетекші офтальмолог Әсел Шәріпова.
Соңғы он жылда бұл бағытта бірқатар ілгерілеушілік байқалды – ерте диагностика хаттамалары енгізілді, 40-тан астам маман оқытылды, өңірлік мамандандырылған топтар құрылды. Алайда күрделі витрэктомия отасын жасау мүмкіндігі болмағандықтан, ауыр жағдайдағы сәбилерді шетелге емдеуге жіберуге тура келетін.
Бүгінгі шеберлік сабағы осы олқылықтың орнын толтырып, елімізде аса күрделі оталарды жасау мүмкіндігін ашып отыр. Бұл – тек медициналық серпіліс емес, сонымен қатар шекарадан тысқары ем іздеуге тәуелділіктен арылу жолындағы нақты қадам.
Сонымен қатар, шара аясында Астана, Шымкент және Алматы қалаларынан келген 10 офтальмолог маман кәсіби біліктілігін арттырды.