Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметінше, кейбір дәріханалар 4700 теңгеге сатып алынған препаратты 18 000 теңгеге дейін көтеріп, сатқан.
Агенттік өкілі Нұрбол Әбдірахмановтың айтуынша, бағада 600%-ға дейінгі өсім тіркелген.
«Біз осындай 1200-ден астам дәрі-дәрмектің бағасына қатысты күмәнді айырмашылықтарды анықтадық. Яғни, бір қораптан кәсіпкерлер 13 мың теңгеге дейін пайда көріп отыр», — деді ол.
Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігі дәрі-дәрмек бағасын реттеудің жаңа тетігін енгізуді жоспарлап отыр. Ұсынысқа сәйкес, транспорттық және маркетингтік шығындарды алып тастау арқылы дәрі-дәрмек құнын 30%-ға дейін төмендету мүмкіндігі қарастырылуда.
Қазіргі уақытта елімізде ресми тіркелген 6600 дәрілік заттың 5408-іне шекті баға бекітілмек. Бұл – рецептпен ғана босатылатын препараттарға қатысты. Ал рецептісіз сатылатын дәрілер еркін нарықта қала береді.
ДСМ Фармацевтикалық қызметті бақылау басқармасының бас сарапшысы Әсия Молдыманованың айтуынша, қазіргі мониторинг нәтижесі бойынша 595 дәрі-дәрмектің бағасы өзгеріссіз қалған немесе төмендеген, ал 70-ке жуық дәрінің құны 10–12%-ға өскен.
Алайда дәріхана иелері бұл бастамаға қарсылық білдіруде.
«Біз сияқты 1-2 нүктесі бар шағын дәріханалар жабылып қалуы мүмкін. Маркетингсіз жұмыс істеу қиын. Жеткізу шығындары ескерілмейді. Оны кім өтейді?», – дейді дәріханалар желісінің иесі Талғат Омаров.
Денсаулық сақтау министрлігі дәрі бағасын төмендетуді ай соңына дейін жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Алайда кәсіпкерлермен нақты келіссөздер мен қоғамдық талқылаулар әлі өткізілмеген.