Оның айтуынша, бұл мәселені көтерген ата-аналардың өтінішін Денсаулық сақтау министріне жолдаған. Қазіргі таңда Қазақстанда ВПЧ-ға қарсы вакцинаны қыз балалар ғана тегін ала алады. Депутат бұл тәжірибені ұл балаларға да кеңейтуді ұсынады.
«ВПЧ – тек әйелдерге тән вирус емес. Ол жатыр мойны қатерлі ісігінен бөлек, жұтқыншақ, ауыз қуысы және тік ішек ісіктеріне де себеп болуы мүмкін. Бұл ауру ер адамдарда да кездеседі. Көптеген елде ұлдар да қыздармен қатар осы вакцинаны алып жатыр. Біз де дәл осындай мүмкіндік жасауды ұсынамыз – вакцинация ерікті түрде, бірақ қолжетімді болуы тиіс», – деді Аймағамбетов.
Ол қазіргі уақытта бұл екпенің дәріханаларда қолжетімсіз екенін айтып, мемлекет тарапынан вакцинаны ұсыну қажет екенін жеткізді. Сондай-ақ, Денсаулық сақтау министрлігі бұл бастаманы қолдайды деген үміт білдірді.
«Ұл балалар да қауіп тобында. Олардың денсаулығы да мемлекет назарында болуы керек», – деп түйіндеді депутат.