2022 жылғы 6 қыркүйекте «Ашық НҚА» порталында «Масс-медиа туралы» ҚР Заң жобасына реттеушілік саясаттың консультативтік құжаты пайда болды. Заңнамаға енгізілуі мүмкін түзетулер журналистер мәртебесін кеңейтуді, құқықтық алаңда «интернет-жарнама» ұғымын белгілеуді, сондай-ақ дәстүрлі газеттер мен журналдарды гранттық қаржыландыруға және субсидиялауға көшуді бағамдайды.
16 наурызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында кез келген прогрессивті ел үшін бәсекеге қабілетті және еркін бұқаралық ақпарат құралдарының болуы аса маңызды, ал отандық БАҚ-тың елде, өңірде және әлемде болып жатқан процестерге өз көзқарасы болуы тиіс екенін атап өтті.
«Сондықтан мемлекеттің мүдделерін, қоғамның сұраныстарын және медиа саланың даму үрдістерін ескере отырып, БАҚ туралы заңды қайта қарау қажет», – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысының бұл сөздері түзетулерді әзірлеуге негіз болды. «Масс-медиа туралы» заң жобасына арналған консультативтік құжатта Қазақстанда журналистердің құқықтық мәртебесін арттырып, артықшылықтарын кеңейту қажеттігі айтылған. Бұл проблеманы шешу үшін бірқатар заңнамалық новеллаларды (қолданыстағы заңнамаға бұрын белгісіз болған қағидатты жаңа құқықтық нұсқамаларды) енгізу ұсынылады.
Сондай-ақ, құжатта интернет, интернет-ресурстар және әлеуметтік желілер қоғамдық қатынастардың бір бөлігіне айналғаны айтылған, сондықтан бұқаралық коммуникациялардың осы түрлерін ажырату қажет. Бұл олардың қызметін реттеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, дәстүрлі газеттер мен журналдарды гранттық қаржыландыруға және субсидиялауға көшу ұсынылады.
«Ұсынылып отырған өзгерістер мемлекеттік ақпараттық саясатты іске асырудың тиімділігін арттырады, сондай-ақ отандық БАҚ-тың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл жаңашылдық бірқатар бәсекеге қабілетсіз БАҚ тарапынан сын тудыруы мүмкін», – делінген құжатта.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру үшін мемлекеттік органдардың БАҚ-пен өзара іс-қимылында журналистік сұраныстарды қарау мерзімдерін қайта қарауды және мемлекеттік органдардың әлеуметтік желілердегі қызметін кеңейтуді ұсынады. Сондай-ақ, бірегей домендік атаудың болуын талап ету арқылы БАҚ тіркеу тәртібін өзгерткісі келеді.
Консультативтік құжатта «интернет-жарнама» ұғымын және оны регламенттеу қағидаттарын анықтау ұсынылады.
«Ұсынылып отырған өзгерістер интернет желісіндегі жарнаманы жүйелендіруге және оның ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, алайда бұл интернет-жарнама субъектілерінің қазақстандық құқықтық алаңда жұмыс істеуге құлықсыздығын тудыруы мүмкін», – делінген мәтінде.
Консультативтік құжатты жария талқылау 2022 жылғы 27 қыркүйекке дейін жалғасады. Оған қазақстандық бас БАҚ (интернет-ресурстарды қоса алғанда, баспа басылымдары, теле -, радиоарналар) қатыса алады.