Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүргізілген квазимемлекеттік секторды трансформациялау нәтижесінде АӨК субъектілерін қаржыландыруға мамандандырылған бірыңғай институт құрылды.
Бұл «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы – Аграрлық несие корпорациясы. Корпорация құрылған сәттен бастап 2,5 триллион теңгеден астам сомаға фермерлерді қаржыландырды. Бүгінде оның несие портфелінде – 80 мыңға жуық қарыз алушы бар, портфель көлемі 973 миллиард теңге.
«Біз жұмыс істеп тұрған 255 мың ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің үштен бірін қамтып отырмыз. Биыл көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын қаржыландыру екі есеге ұлғайды: «Кең дала» бағдарламасын іске асыруға бөлінген сома 140 миллиард теңгені құрады және бұл көлемді сақтау жоспарланып отыр», – деп атап өтті «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Басқарма төрағасы Алмат Әшірбеков.
Алмат Әшірбеков атап өткендей, биыл корпорация фермерлерді 350 миллиард теңгеге қаржыландыруды жоспарлап отыр.
Фермерлерге үш бағытта несие беру бағдарламасы ұсынылады. Көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын қаржыландыруға – «Кең дала», стартап жобалар мен ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерді қолдау бойынша – «Іскер» және мал шаруашылығын, өсімдік шаруашылығын қаржыландыру, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бойынша – «Агробизнес» бағдарламасы ұсынылады.
Сондай-ақ агросақтандыру жүйесі де жетілдіріліп жатыр. Биыл қыркүйек айынан бастап сақтандыру сыйақысын субсидиялау деңгейі 50-ден 80% дейін ұлғайды, деп нақтылады корпорация өкілдері.
Биыл субсидия сомасы 688 млн теңгеге болатын 254 сақтандыру шарты жасалды. Корпорацияның филиалдары облыс орталықтарында және Республикалық маңызы бар қалаларда жұмыс істейді. Қыркүйек айында шағын кредиттерге өтінімдерді қарау жөніндегі онлайн-платформа қолданысқа енгізілді. Үйде отырып-ақ фермер 6 миллион теңгеге дейін несие алуға алдын ала мақұлдау алуына болады. Жүйе мәліметтер базасымен интеграцияланған және скорингтік талдау мен кепілдікті онлайн бағалауды қарастырады, деп хабарлады корпорацияның баспасөз қызметі.