Синоптиктердің болжамына сәйкес, сәуірде жылу біртіндеп күшейіп, температура көрсеткіштері бірқалыпты жоғарылайды. Көпжылдық мәліметтерге сүйенсек, сәуірдің алғашқы онкүндігінде елдің солтүстігінде орташа тәуліктік температура 0°С-тан жоғары көтерілсе, оңтүстікте +10°С-тан жоғары деңгейде тұрақтайды.
Сәуірдің алғашқы күндері не күтеміз?
Айдың басында солтүстік өңірлерде жауын-шашын жауып, жаңбыр қарға ұласуы мүмкін. Көктайғақ пен тұман да болуы ықтимал. Оңтүстік аймақтарда жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Республика бойынша жел екпіні 15-20 м/с дейін күшеюі ықтимал.
Ауа температурасының өзгерісі келесідей болады:
-
Батыс өңірлерде түнде +8…+13°С-тан -3…+8°С-қа дейін төмендесе, күндіз +18…+25°С-тан +11…+16°С-қа дейін төмендеуі мүмкін. Алайда кей күндері оңтүстік-батыста +20…+28°С дейін жылы болады.
-
Солтүстік, солтүстік-батыс, орталық және шығыс аймақтарда түнгі температура -5…+5°С-тан +3…+8°С-қа дейін, күндіз +8…+13°С-тан +15…+22°С-қа дейін көтеріледі.
-
Оңтүстік өңірлерде түнде +2…+10°С-тан +10…+15°С-қа дейін, күндіз +18…+25°С-тан +25…+30°С-қа дейін жылы болады.
-
Оңтүстік-шығыста түнгі ауа температурасы -5…+5°С-тан +7…+12°С-қа дейін, күндіз +12…+20°С-тан +18…+27°С-қа дейін көтеріледі.
Сәуірдің екінші және үшінші онкүндіктерінде
Солтүстік аймақтарда жауын-шашын қар мен жаңбыр түрінде болады. Үшінші онкүндікте негізінен жаңбыр жауады. Елдің көп бөлігінде температура түнде +5…+13°С-тан -3…+5°С-қа дейін, күндіз +15…+25°С-тан +8…+13°С-қа дейін құбылады. Ал оңтүстік пен батыста күн +23…+32°С дейін жылынуы мүмкін, дегенмен кей күндері +10…+18°С дейін салқындауы ықтимал.
Айта кетейік, бір айлық болжамдар синоптикалық жағдайларға байланысты өзгеріп отыруы мүмкін. Сондықтан «Қазгидромет» нақты онкүндік болжамдарды қадағалауға кеңес береді.