«Қазіргі таңда қала ішіндегі бағыттарда 19 автобус қызмет көрсетеді. 2019 жылы Youtong маркалы 11 автобус сатып алынды. Алайда, көлік жетіспегендіктен, ескі ПАЗ автобустары қатарға қосылды. Ескі көліктердің орнына қараша айында несиелік бағдарламамен 8 автобус сатып алынады», – дейді автопарк иесі Біржан Чимчиков.
Ал қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мамандарының айтуынша, қалада жолаушылар ағынының ұлғаюы мен көліктерге қызмет көрсету шығынының артуына байланысты автопарк әкімдікке 100 миллион теңге субсидия бөлу туралы өтінім берді. Қазір бұл мәселе ҚР Әділет министрлігінің қарауында жатыр.
«Тиісті министрліктің шешімі 14 жұмыс күні ішінде шығарылады. Сондықтан: «автопаркке субсидия беріледі ма? Берілсе, қашан беріледі?», – деген сұраққа нақты жауап бере алмаймыз», – дейді аталған бөлімнің маманы.
Біржан Чимчиковтің сөзінше, 18, 19 және 20 ш.а. тұрғындарының өтініші бойынша осы аудандарды қамтитын №3 маршрут іске қосылды. Бұл бағыттағы көлік 2 ай халыққа қызмет етті. Нәтижесінде тиімсіз екені анықталып, №3 бағытты уақытша тоқтата тұру туралы шешім қабылданды.
«Ал қаладан алыс орналасқан Қарлығаш ш.а.-да қоғамдық көлік әр 30 минут сайын қатынайды. Мұнда осы уақытқа дейін күніне 6 рет қана автобус жүргізілген», – деп Біржан Чимчиков өз сөзін жалғастырды.
Сондай-ақ автопарк иесі жаңа оқу жылының басталуына орай, қоғамдық көліктің жұмыс уақыты ұлғайтылғанын атап өтті.
«Тұрғындардың шағымы әркез ескеріледі. Соны басшылыққа ала отырып, қала автобустарының интервалын 10-15 минут еттік. Алдағы уақытта жаңа бағыттар ашылады. Бұл мәселе бойынша да жауапты мамандармен келіссөз жүргізіп жатырмыз», – деп серіктестік басшысы өз сөзін аяқтады.
Сонымен қатар қала әкімдігінің ресми сайтында автобустардың қатынау кестесі жарияланды.
Айта кетейік, осыған дейін де қаладағы қоғамдық көлік мәселесі жайлы сөз қозғағанбыз.